Сайлау. Қоғамдық қорлар байқаушы ретінде қатысуға ниет білдірді

29 Желтоқсан 2020, 11:16
2088
Бөлісу:
Сайлау. Қоғамдық қорлар байқаушы ретінде қатысуға ниет білдірді
Фото: автордан

Алматы, BAQ. KZ тілшісі. Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауында байқаушы болып қатысатын қоғамдық ұйымдар саны артты. «Жастарға жол» қоғамдық қоры  байқаушылар штабының Хартиясына екі ұйым кірді.

«Жастарға жол» ҚҚ президенті Рафаэль Гасановтың айтуынша, сайлауда тәуелсіз байқаушы ретінде қатысуға «Құндылық қоры» ҚҚ мен «Адам және қоғам» ҚБ ұсыныс білдірген.

Біз бұған дейін Парламент депутаттарының сайлауына байқаушы ретінде қатысатынымызды мәлімдеп, байқаушылардың штабын құрған едік. Қазір тек біздің қорда мыңға жуық байқаушы бар. Қазір сайлауға байқаушы ретінде қатысатын ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Байқаушылар сайлауда қандай да бір заң бұзушылықты анықтаса, арнайы акт бойынша хаттама толтырып, тиісті органға жібереді, кейін ол сотта қаралады, - дейді  Гасанов.

Хартияны қолдап, сайлауға байқаушы ретінде қатысқалы отырған «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлім Нұрғалиева қазір 120 ерікті байқаушы ретінде қатысуға ұсыныс бергенін айтады.

Біз әділ сайлау өтуіне өз үлесімізді қосамыз. Сайлауға 200-ге жуық ерікті жинаймыз деп отырмыз, - дейді ол.

«Құндылық қоры» ҚҚ директоры Думан Нүсіпақын қоғам сайлаудан бейтарап қалмауы керек дегенді айтады.

Еліміз үшін маңызды Мәжіліс сайлауының әділ өтуіне қоғам болып атсалысуымыз керек. Бізден қордан 100-ге жуық байқаушы қатысады. Байқаушылар арасында тренинг, семинар өткізіп, дайындап жатырмыз. Тәуелсіз байқаушылардың жас ерекшелігіне ешқандай шектеу жоқ. Олардың басты міндеті - заңбұзушылыққа жол бермеу, оны тіркеу, - дейді Думан Нүсіпақын.

Сайлау күні байқаушылар таңғы сағат 5:00-ден түңгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетсек, Алматы бойынша 507 сайлау учаскесі бекітілген.

Өзгелердің жаңалығы