Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комитетінің отырысында комитет мүшесі Ерлан Дауылбаев айтып берді.
Оның айутынша, 2017 жылы Орталық сайлау комитеті жанынан мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 2018 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына алғаш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған нормалар енгізілді.
Бүгінде жұмыс тобының құрамы жаңартылды, оның 15 мүшесінің тоғызы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері. 2019 жылдың қаңтарында сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру кезінде қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы бойынша 455 мүмкіндігі шектеулі азамат комиссия мүшелері болып сайланды. Оның ішінде 6 адам облыстық, 12 адам – қалалық және аудандық, 432 адам учаскелік сайлау комиссияларының құрамына енді, - деді ол.Ортсайлаукомның қаулысымен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар бекітілді.
Осылайша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету үшін саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктерге сайланбалы лауазымдарға үміткерлер ұсыну, партиялық тізімдерге енгізу, оларды қалыптастыру кезінде сайлау комиссияларының құрамына ұсынуды қарастыру ұсынылған деп көрсетілген, - деді Ерлан Дауылбаев.Заң бойынша учаскелік сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдауы тиіс, бұл ретте жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына осы бағыттағы жұмысқа жәрдемдесуге міндетті.
Сондай-ақ, жаңадан енгізіліп отырған мәселелер - дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуі және ондағы дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс.
Олардың қатарында сайлау учаскелерін пандуспен жабдықтау, саңырауларға арналған қажетті құрылғылар, арбалыларға лифті бар мекемелерді қарастыру сынды шаралар жатады.
Саңырау сайлаушылардың едәуір бөлігі дауыс беруге қатысады деп болжанатын сайлау учаскелерінде жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің көмегімен сурдоаудармашылар, тифлосурдо-аудармашылар тартылуы мүмкін, – деді ол.Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде ақпараттық материалдарды қолжетімді форматта дайындауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына сайлауды дайындау мен өткізу барысы туралы ақпараттық шығарылымдар мен тақырыптық бағдарламалардың телевизиялық эфирінде сурдоаударманы немесе субтитрлеуді пайдалану ұсынылады.
Қазіргі уақытта комитет және «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Аталмыш процедуралар олардың көмегімен жүзеге асырылатын болады.