«Бастау бизнес» кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралы бола алды ма?

29 Қазан 2020, 18:03
5730
Бөлісу:
«Бастау бизнес» кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралы бола алды ма?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемия кезінде жоба қалай жүзеге асырылды? Жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грантқа қалай қол жеткізуге болады? Одан кімдер үмітті? Үміткерлер қандай қиындықтарға тап болуда? Осы жөнінде «Бастау бизнес» жобасының әдіскері Рауан Ерғалиев айтып береді.

– Ел арасында «Бастау Бизнес» жобасына деген қызығушылық жоғары. Бағдарламаның игілігін көріп, кәсіп бастағандар да жетерлік. Десе де, бағдарлама өзінің нақты көздеген мақсатына жете алып отыр ма? 

 

   – Расында, «Бастау Бизнес» халықтың жобасына айналды. Жоба қолға алынғалы бері 150 мыңнан аса азамат кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бизнестің қыр-сырын меңгерді. 40 мыңға тарта адам өз кәсібін ашты. Биылдың өзінде негізгі жоспар бойынша 30 мың адамды оқыту көзделсе, сұраныстың жоғарылығынан 3183 азаматтың өтініші негізінде қосымша оқыттық. Биылдың өзінде 8879 жоба қаржыландырылды. Бұл жобаның жемісін беріп жатқанын нақты көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар.

Десе де, жоба аясында кездесіп жататын қиындықтар мен негізгі проблемалар да бар. Бірақ бұл олқылықтар жыл өткен сайын өз шешімін тауып келеді.

– Бағдарламаның операторы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екені белгілі. «Атамекен» ҰКП мұндағы рөлі қандай?

– Орынды сауал. Бізге көптеген азаматтар грант бөлу, қаржыландыру мәселесіне қатысты көптеген сауалдар жіберіп жатады. Алайда, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде халықты кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған «Бастау Бизнес» жобасын іске асырады. Өзіңіз айтқандай, бағдарламаның операторы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Ал Ұлттық палата бағдарламаның екінші бағыты, яғни кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау операторы екенін ескерген жөн.

Оқытудың да өз тәртібі, нәтижесі болуы керек. Демек, өңірлік палаталар жай оқыта салмайды, мейлінше курстан өткен азаматтардың кәсіп ашып, екі қолға бір күрек табуына барынша күш салады. Тіпті, бағдарламаның негізгі тәртібі де сол. Мәселен, оқуға қатысушылар санының кемінде 20 пайызы бизнесін дөңгелетіп әкетуі тиіс. Ал биылдан бастап бұл көрсеткішті 30% - ға дейін арттыру міндеті тұр.

– Елдегі пандемия кезінде жобаның онлайн форматқа көшкенін білеміз. Өзіңіз айтып отырған KPI-ды орындау қашықтықтан оқыту кезінде қаншалықты мүмкін?

– Биыл бәріміз үшін бейімделу жылы болды. Atameken Academy платформасында онлайн оқытуды іске қостық. Нәтижесі жаман емес. Керісінше білім алып, кәсіп ашуға ниеттілер санының артқаны байқалады. Төтенше жағдай мен карантинге қарамастан 4 лекті оқытып шықтық. Олардан тек екі құжат – жұмыспен қамту орталығынан жолдама мен жеке басын куәландыратын құжат талап етілді. Платформаның мобильдік қосымшасын да іске қостық. Жүйеде бизнес-жоспарларды қалыптастыру үшін арнайы бизнес-жобаларды жазу процесін автоматтандыру жүйесі қарастырылды. Бизнес-жоспарды жазу бойынша бизнес-жаттықтырушылардан кеңес алу да онлайн режимде өтеді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы бизнес – жобаларды қорғау жөніндегі комиссия тәуелсіз эксперттерге ауыстырылды. 2020 жылы жобаның алдыңғы жылдармен салыстырғанда маңызды айырмашылығы – оқытудың бизнесті жүргізу үшін практикалық дағдыларды игеруге бағытталуы, яғни әр қатысушы бизнестің белгілі бір түрі бойынша дағдыларды алады. Осы мақсатта оқыту процесіне ауыл шаруашылығы және басқа да бағыттар бойынша мамандар мен сарапшылар тартылады.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көрсеткіштерді көтеруге ұсыныс білдіруі KPI-дың жоғары болуымен байланысты деп түсінген дұрыс. Бұл нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Оның үстіне, қазір курстан өткендердің көбісі кәсіп бастауды нақты мақсат етіп келеді.

– Десе де, былтырғы жылмен салыстырғанда курстан өтушілер саны екі есеге аз. Бұған не себеп? Әлде сұраныс аз ба?

– Расымен, былтыр жобаның ауқымы 40 000 адамға ұлғайтылды. Сондай-ақ, жастар жылының ашылу салтанатында «Атамекен» ҰКП-на жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, несие, грантпен қамту және бизнес ашуға көмектесу мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы сияқты «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Осылайша, 2019 жылы оқыту бойынша жалпы жоспар 75 000 адамды құрады, оның ішінде 20 000 адам «Жас Кәсіпкер» жобасы аясында оқытылды. Бұл сұраныстың аздығынан немесе пандемияның салдарынан емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы негізінде іске асырылады. Байқасаңыз жыл сайын курстан өтушілер саны өзгеріп отырады.

– «Бастау Бизнес» жобасына жас ерекшелігіне қарамастан жұмыссыз азаматтардың бәрі қатыса алады ма? Ол үшін ҰКП-ның аймақтардағы филиалдарына өтініш қалдыру жеткілікті ме?

– Бағдарлама жұмыссыздықпен күреске бағытталғандықтан оған жас ерекшелігіне қарамастан жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, еңбекке жарамды мүгедектер, оралмандар, көшіп келгендер, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері, бизнесі 3 жылдан аз уақыт жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар «Бастау бизнесті» оқымай-ақ грант алуға мүмкіндігі бар. Алайда олар бизнес жоспарды қорғап шығу тиіс. "Бастау Бизнесте" оқитындардың тізімін Жұмыспен қамту орталығы жасап, үміткерлерді анықтайды. Жоба аясында 12 модульді оқыту жүйесі қарастырылған. Олар: кәсіпкерлікке кіріспе, мемлекеттік бағдарламалар, бизнесті таңдау идеясы, маркетингтік зерттеу сынды салаларды қамтиды. Сондай-ақ оқыту процесі барысында салық түрлері, бизнес жоспар құру, қаржылық сауаттылық негіздері де қамтылады.

– Оқуды аяқтағаннан кейінгі қадам қандай?

– Бизнес-бастау курсын оқыған біздің түлегіміз қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады. Қайтарымсыз грантты «Халықты жұмыспен қамту орталығы» беретін болса, жеңілдетілген несиені «Ауыл шаруашылығын қажылай қолдау қоры» береді. Қайтарымсыз гранттың сомасы осы жылы 200 АЕК құрап отыр, ол 530 600 теңге. Ал жеңілдетілген несиенің шарттары несиелік бағдарламаға байланысты. Егер ауылды жерде несие алатын болса, 4 млн. теңгені 78 айға, ал қалалық жерде 20 млн. теңгеге дейін алуға болады. Сонымен қатар, Атамекеннің тарапынан кәсібін бастаған түлектерімізге сүйемелдеу бар, яғни қандай да бір проблемаларға ұшыраса бізге айтуына болады, біз осы проблеманың шешілуіне күшімізді саламыз.

– Жобаға негізінен жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топқа жататындар қатысқандықтан кепілдік шартын оларға орындау қиындық тудырмай ма?

– Ондай проблема бар. Ауылдағы тұрғын үй қорының басым бөлігі ескірген. Қатысушылар ол тығырықтан несиені кепілдендіру үшін бірнеше мүлікті кепілдікке қою арқылы шығып отыр. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кепілдікке ауылдағы үйлерді жылына, құрылыс материалына қарамастан қабылдайды. Қиындықтар бағалау кезінде туындайды. Өйткені 4 миллион теңгенің несиесін алу үшін мүлік бағасы кемінде 8 миллион теңге болуы шарт. Кепілдік мәселесін біз бірнеше мәрте көтердік. Жоқ дегенде «Бастау Бизнесті» аяқтағандарға қандай да бір жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды. Алайда қаржылық инстуттың да өз тәуекелдері бар.

– Биыл грант пен жеңілдетілген несие алғандардың басым бөлігі өз кәсіптерін қай салада ашты?

– Бизнес жоспардың 80 пайызы ауылшаруашылығы саласына қатысты болды. Сүтті және етті бағыттағы ірі қара малын өсіру жобаларының көп болуы ауылды жерлердегі кәсіптің дамуына өз септігін тигізіп жатыр. Қызмет көрсету саласында, атап айтқанда кафе, асхана, ресторан ашуға ниеттілерге пандемияға байланысты қауіп-қатердің мол екендігі жөнінде кеңестер беріліп, өзге салаларды таңдау ұсынылды. Оның қауіп-қатерін бизнес тренерлер ғана еме, қатысушылардың өздері де бағамдаған сияқты. Мұндай бағыттағы бизнес жоспар көрсеткіші төмен болды.

– Әңгімеңізге рақмет!


 

 

Өзгелердің жаңалығы