Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, сайлауалды науқаны кезінде министрлік ақпараттық өріске тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр.
Атап айтқанда, 18 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін үгіт-насихаттауға қатысты мониторингке 576 республикалық және облыстық БАҚ қамтылды. Оның ішінде: 48 телеарна, 386 газет пен 142 интернет-ресурс. Бұл ақпараттық кеңістіктің 95-96 пайызы қамтылғанын білдіреді, - деп атап өтті вице-министр.
Мониторинг қорытындысы бойынша үгіт-насихат науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партиялар, оның сайлауалды штабтарының қызметіне арналған 10 мыңға жуық материал жарияланды.
Оның ішінде: 5 мыңнан астамы телеарналарда, 2,5 мыңға жуығы баспа басылымдарында, 2,5 мыңы (материал – ред.) интернет ресурстарында жарияланған, - деп нақтылады Қанат Ысқақов.
Айта кетейік, бұған дейін сайлау күні бүкіл ел аумағында қазақстандықтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін 45 мыңнан астам полиция қызметкері жұмысқа шығатыны белгілі болды.