Сайлау-2021. Партия басшылары Exit poll нәтижесі туралы пікір білдірді

11 Қаңтар 2021, 08:10
1839
Бөлісу:
Сайлау-2021. Партия басшылары Exit poll нәтижесі туралы пікір білдірді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саяси додаға қатысқан 5 партияның басшылары  Exit poll нәтижесімен танысып, оған қатысты ойларымен бөлісті. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Exit poll нәтижесімен танысу үшін Nur Otan партиясының штабына келді. Экзит-пол қорытындысына сәйкес Nur Otan партиясы сайлаушылардың 71,97 пайыз дауысын жинады. 

Баршаңызды Nur Otan партиясының айқын жеңісімен құттықтаймын. Экзит-полдың алдын ала нәтижелері қазақстандықтар еліміздің әрі қарай дамуын біздің партиямызбен байланыстыратынын көрсетті. Сайлаудың ел тәуелсіздігінің отыз жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар. Осы уақытта орасан зор жұмыс атқарылды. Ең бастысы – жаңа ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін берік негіз қаланды, – деді Елбасы.

AQ JOL партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан халқын сәтті өткен сайлаумен құттықтады. Сонымен қатар саяси ұйымды қолдаған отандастарына алғыс білдірді. 

Айтуынша, биылғы науқан қауіпті індетпен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан барлық санитарлық талапты сақтай отырып, сайлау ұйымдастырылды. Бұл тәжірибе енді алдағы уақытта кәдеге жарап, еліміздің дамуына септігін тигізеді деп сенім білдірді.   

Меніңшe, біздің партияларымыз, біздің сайлаушыларымыз өздері үшін өте жақсы тәжірибе жинап алды. Ол тәжірибе ары қарай да еліміздің дамуына, еліміздің демократияландыруына өте пайдалы, өзекті болады деп ойлаймын. Соған сенімдіміз және де мен барша AQ JOL партиясы үшін дауыс берушілерге өз алығысымды білдіргім келеді. Біз партиямызға көрсеткен сенімді, әрине, ақтауға тырысамыз. Оған еш күмән болмасын және де біздің әріптестеріміз басқа да партиялар көсемдерін, Тұңғыш Президентімізді құттықтағым келеді. Осы партия сайлауының сәтті өткенімен, - деді AQ JOL демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Ал ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали әуелі партия атынан Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлерге дауыс берген сайлаушыларға алғыс айтты. Сондай-ақ ол ұйымның негізінен жастардан тұратынын атап өтті. Әрі сайлауалды кезеңде басталған жұмыстың бұдан әрі де жалғасатынын жеткізді.   

Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәделерін қалай орындауы керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Exit poll деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша "Нұр-Отан" партиясы бірінші орында келе жатыр. Заң бойынша барьерден асып кетті. Сондықтан өз басымнан "Нұр-Отан" партиясын құттықтауға болады, - деді ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.

Қорытындыға сәйкес ауылдықтарға сайлаушылардың 5,75 проценті дауыс берген. Ал сайлаудың нақты нәтижесін Орталық сайлау комиссиясының мамандары алдағы уақытта жариялайды. Ұйым төрағасы Әли Бектаев, ауылдықтарды қолдап, дауыс берген барша ел азаматтарына алғысын білдірді. Және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық мүмкіндіктердің жасалғанын алға тартты. 

«Ауыл» партиясын қолдаған, тілеулес болған барлық сайлаушыға өзіміздің ризашылығымызды білдіріп, басымызды игіміз келеді. Бізді қолдаған азаматтардың барлығына. Және аудандық, облыстық, өңірлік және республикалық штабында жұмыс істеген барлық әріптестерімізге өзіміздің алғысымызды айтқымыз келеді. Шынында көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен сабақ болды. Өте үлкен тәжірибе болды. Сайлау біздің еліміздің өркендеуі жолында жинақтаған тағы да бір жұмыс болды деп айтуымызға болады, - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев. 

Бұдат басқа Exit poll нәтижесі бойынша сайлауда 9,03 пайыз дауыс жинаған Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров өз әріптестерін құттықтады. «Халықшылдар» алдын ала жарияланған нәтижеге көңілі толатынын білдіріп, сайлауда жеткілікті дауыс жинаған және қатысқан өзге партияларға сәттілік тіледі. 

Сайлауалды науқан кезінде депутаттыққа үміткерлер үшін тең жағдай қарастырылды. Ешқандай қиыншылық пен кедергі болған жоқ. Exit poll нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің мол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыстарға қатысқан әріптестеріме және сайлаушыларға ризашылығымды білдіремін, - деді Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров.

Өзгелердің жаңалығы