Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

7 Қаңтар 2021, 16:41
3273
Бөлісу:
Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі науқанға байланысты сайлауға түсіп жатқан бес партия - «Ақ жол», «Ауыл», Nur Otan, Adal, ҚХП әр өңірді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып жатыр. Осыған орай бүгін партиялардың өткізген іс-шараларына кеңірек тоқталып өтсек.

Бүгін «Ақ жолдың» республикалық штабында «Полемикалық экономика» жинағының тұсаукесері өтті.

 «Ақ жол» партиясының 2016 жылғы жұмысы, оның парламенттік фракциясының қызметі туралы материалдары екі бөлімнен тұратын жинақ ретінде жарық көрді. Жинақта «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің сөйлеген сөздерінің, жарияланымдарының авторлық мәтіндері, фракцияның депутаттық сауалдары қамтылған.

Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

«Полемикалық экономика» жинағы экономистер мен саясаттанушыларға, қазіргі Қазақстанның мемлекеттік және экономикалық құрылыс үрдістеріне, сондай-ақ еліміздің бүгіні мен болашағы туралы пікірталастарға қызығушылық танытатын әрбір адамға қызықты болады. 

Сонымен қатар бүгін ҚХП аралық қорытындысын шығарып, Алматыда Қазақстан Халық партиясының кеңсесінде онлайн конференция өткізді. Өзекті мәселелерді талқылауға Қазақстан Халық партиясы көшбасшыларының бірі Жамбыл Ахметбеков қатысып, ҚХП қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру үшін сайлауға қатысып отырғанын еске салды.

Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

Бұдан бөлек бүгін құрамында Солтүстік Қазақстан облысының партия мүшелері бар «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері «Азия Тарангул» ЖШС-да болды. Еңбек ұжымымен кездесу «Ауылдан ауылға» акциясы аясында «Ауыл» партиясының өңірлік филиалының басшысы Темірғали Әбілмәжіновтің қатысуымен өтті.

Кездесуде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың төмен деңгейі және ЖЖМ қолжетімділігі мәселелері айтылды.

Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

Сонымен қатар партия өкілдері Павлодар, ШҚО, СҚО, Түркістан облыстарында шаруа қожалық ұжымдарымен және іскер әйелдермен, көпбалалы аналармен кездесулер өткізді.

Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Набережное ауылында партия өкілдері Н.Г. Арсютин, Б. А. Аманжолов, Е.Ч. Тоқтушаков, «Ауыл» ХДПП қоғамдық бірлестігінің сенімді өкілдері Е.Н. Байгурманов, А.О. Батыршаев, М.А. Жексенби «Андас» шаруа қожалығының ұжымымен кездесу өткізді. 

Ал Түркістан қаласында партия мүшелері Қ.Ә.Аралбекова, Р.Ә.Тоқсейтова, Б.Төлеген, Қ.К.Бәймен, С.Стыбаева іскер әйелдермен және көпбалалы аналармен кездесіп, көпбалалы аналардың мәселелерін тыңдады.

ШҚО, Глубокое ауданы, Прапорщиково кентінде «Ауыл» ХДПП мүшесі М.Т.Фараджев «Мурзыканова» ШҚ-ның ұжымымен кездесті.

Сонымен қатар бұл күні Nur Otan партиясы да бірнеше кездесу өткізді. Партияның республикалық штабы Павлодар облысына келіп, өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі «Қазақстан Алюминийі» жұмысшыларымен кездесті.

Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

Бұдан кейін мұғалімдермен кездесуде штаб мүшелері білім беру саласын дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

Осы күні партия өкілдері Новочерноярка ауылының тұрғындарымен кездесті. Бір жыл бұрын ауылдағы 16 көпқабатты үйде орталықтандырылған жылудың болмауы мәселесі шешімін таппай тұрған болатын. Осынау ұзаққа созылған жылыту қазандығын салу мәселесі партиялық бақылауға алынғаннан кейін биыл ауылдағы 800 үй ғана емес, сонымен бірге мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілді.

Бүгін Adal партиясы бизнес өкілдері, кәсіпорындар, фермерлер, білім беру қызметкерлері, денсаулық сақтау қызметкерлері, зейнеткерлер және жастармен кездесу өткізді.

Сайлау-2021: Бүгін саяси партиялар қандай шараларды қолға алды

Бұл кездесу Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Партия өкілдері Алина Асқарова, Әбжанов Серікбол елорда жастарымен және кәсіпкерлерімен егжей-тегжейлі әңгімелесті.

Алина Асқарова сайлау нәтижесі қандай болатынына қарамастан, партия азаматтарды білім беру, денсаулық сақтау және бизнесте қолдау мәселелерін ілгерілетуге ниетті екенін атап өтті.

Сонымен қатар партия мүшелері Алина Асқарова мен Эльмира Сакалованың қатысуымен тағы бір кездесу елорданың белсенді еріктілерінің қатысуымен өтті. 

Кездесуге қатысушылар университеттерде білім сапасын арттыру, білім беруді тегін ету, гранттар санын көбейту керек деген пікірлерін білдірді. Сонымен қатар олар жастарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету қажеттілігі туралы мәселелер көтерді.

Өзгелердің жаңалығы