Саясаттанушы: Сайлауға халықтың 63%-ы келуі – әжептәуір көрсеткіш

10 Қаңтар 2021, 22:29
1955
Бөлісу:
Саясаттанушы: Сайлауға халықтың 63%-ы келуі – әжептәуір көрсеткіш

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайлау – кез келген мемлекет үшін сынақ және мемлекеттің тұрақтылығының көрсеткіші. Бұл туралы Sailau Talks-2021 шарасында Саясаттанушы Расул Жұмалы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түпкілікті қорытындысы шықпай жатып сайлаудың қалай өткені туралы баға беру қиындау болар, бірақ өз ойымды айтар болсам – әжептәуір алға басу бар. Кей сайлау учаскесінде байқаушыларға орын жетпей жатқанын, жылу болмай жатқанын естіп жатырмыз, бірақ бұл кең ауқымдағы заң бұзушылықтар емес, - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Оның айтуынша, сайлауға халықтың 63%-ы қатысуы – жақсы көрсеткіш. 

Сайлауға 6 партияның бесеуі қатысты. Ел арасында партияларға сенім артпайтындар да бар, бірақ сайлауға Қазақстан халқының 63%-ы келуі – әжептәуір көрсеткіш. Сайлау – кез келген мемлекет үшін сынақ және мемлекеттің тұрақтылығының көрсеткіші. Бұрынғыдай қалай болса да 90-95% жинау керек деген пайыз қуалау жоқ. 90%-дан астам дауыс жинаған Солтүстік Корея, Түрікменстан, Зимбабве сияқты елдердің тәжірибесіне қарасаңыз – шынымен қорқасыз. Демократиялық елдердегі 50, 60, 70% деген өмірдің шындығына жақын көрсеткіш. Осы сайлауда әкімшілік ресурстарды асыра пайдалануды, осы мәселеге әкімдердің араласуын, қара PR дегенді байқаған жоқпын. Бұл жолы партиялар сайлауға дайындықпен келді. Жалпы бағыт-бағдарлары дұрыс, бұл – жақсы қадам, - дейді ол. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Sailau Talks-2021 сарапшылары өтіп жатқан сайлаудың маңызын талқылайтынын жазған болатынбыз. Іс-шараны Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы