Саясат Нұрбек: Қазақстан демографиялық өсім сақталған санаулы елдердің бірі

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 21 Тамыз 2026, 13:24
21 Тамыз 2026, 13:24
71
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан мен жалпы Орталық Еуразия әлемдегі демографиялық өсім сақталып отырған санаулы аймақтардың бірі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, демографиялық жағдай елдің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Халық санының өсуі немесе азаюы еңбек нарығына, тұтынуға, инфрақұрылымға, ресурстарға және әлеуметтік саясатқа ықпал етеді.

Демография – экономикалық дамуға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Адам саны өссе де, азайса да, оның еңбек нарығына, тұтынуға, ресурстарға, инфрақұрылым мен әлеуметтік саясатқа тікелей әсері бар, – деді Саясат Нұрбек.

Әлемде демографиялық өсім сақталған аймақтар аз

Министр қазіргі уақытта бала саны тұрақты өсіп келе жатқан негізгі аймақтардың қатарында Африка мен Орталық Еуразияны атады.

Оның сөзінше, Азияның бірқатар мемлекетінде, сондай-ақ Еуропа мен Америка елдерінде туу көрсеткіші төмендеп келеді.

Саясат Нұрбек демографиялық айырмашылықты Жапония мен Қазақстанның көрсеткіштері арқылы түсіндірді.

Жапонияда қазір шамамен 122 миллион адам тұрады. Бір жылда 671 мыңға жуық бала дүниеге келген. Қазақстан халқы 20,5 миллионнан асты. Бізде халық саны Жапониядан шамамен алты есе аз болғанымен, соңғы жылдары жылына 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Яғни халқы алты есе аз Қазақстанда Жапонияда туған балалар санының жартысына жуығы дүниеге келіп отыр, – деді министр.

Өзбекстандағы туу көрсеткіші де жоғары

Ғылым және жоғары білім министрі көршілес Өзбекстандағы демографиялық жағдайға да назар аударды.

Оның айтуынша, Өзбекстан халқы Жапониямен салыстырғанда бірнеше есе аз болғанымен, бұл елде жыл сайын дүниеге келетін балалар саны Жапониядағы көрсеткіштен жоғары.

Өзбекстанда Жапонияға қарағанда халық саны айтарлықтай аз. Соған қарамастан, онда бір жылда Жапониядан 200-300 мыңға көп бала дүниеге келеді, – деді Саясат Нұрбек.

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның айырмашылығы

Министр Оңтүстік Кореядағы жағдайды да мысалға келтірді.

Оның сөзінше, 52 миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Кореяда бірнеше жыл бұрын бір жыл ішінде шамамен 250 мың бала дүниеге келген. Қазақстан халқы бұдан екі еседен астам аз болғанымен, елдегі туу көрсеткіші жоғары.

Саясат Нұрбек бұл демографиялық ерекшелік алдағы жылдары Қазақстанның білім беру жүйесіне, еңбек нарығына және әлеуметтік инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттыратынын атап өтті.

Министрдің пікірінше, халық санының тұрақты өсуі экономикалық мүмкіндік қана емес, мемлекеттен білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік саясатты алдын ала жоспарлауды талап ететін маңызды фактор.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан жаңа демографиялық ахуалға дайындалуда – ҚҚДИ 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх