Сауд Арабиясының инвестициясы – экономикамызға үлкен мүмкіндік – сарапшы

25 Шілде 2022, 12:29
1590
Бөлісу:
Сауд Арабиясының инвестициясы – экономикамызға үлкен мүмкіндік – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапарына қатысты пікір білдірген ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы Айдар Құрмашев мәлімдеді. 

Айтуынша, Сауд Арабиясы ағымдағы геосаяси қарсылыққа араласпаған G20 санаулы елдерінің бірі ретінде еліміз үшін тартымды серіктес болып саналады. Сондай-ақ Президенттің Сауд Арабиясына ресми сапармен баруы таң қаларлық жайт емес.

Сауд Арабиясы патшалығы көптеген жылдан бері біздің жетекші стратегиялық серіктестеріміздің бірі, көптеген бағыт бойынша әріптестігіміз жолға қойылған. Ағымдағы геосаяси қарсылыққа араласпаған G20 санаулы елдерінің бірі ретінде Сауд Арабиясы Қазақстан үшін тартымды серіктес болып саналады. Оның инвестициялық әлеуеті республикамыздың экономикалық даму жоспарын іс жүзінде іске асыру үшін ауқымды мүмкіндіктер ұсынады, - деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері шетелдік кездесулер мен мемлекетішілік отырыстарда шетелдік мемлекеттермен сауда-экономикалық әріптестікті дамыту, сондай-ақ бірлескен әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударып келеді деп отыр. 

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан-Сауд Арабиясы қатынастары жоғары деңгейде екендігін айтты. Біз әріптестікке жаңа серпін бергіміз келеді. Сондықтан оның патшалыққа ресми сапары барысында бірінші кезекте сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікке, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға қатысты мәселелер талқыланды. Президенттің сөзінше, жақын келешекте Қазақстан Үкіметі осы бағыттағы жұмыстарды жандандырады. 

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара тауар айналымы құрылымында айтарлықтай айырмашылық бар. Біздің мемлекетіміз негізінен ферроқорытпаны және өзге де құрылыстық шикізаттарды экспорттайды, ал басқа түрлі химиялық бұйымдарды импорттан аламыз. Қазақстанда жасалып жатқан дайын өнім өндірісіне, оның экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге қатысты экономиканың түрленуін есепке ала отырып, аталған тауарлар санатына басымдық берілетіні сөзсіз, - деді Айдар Құрмашев. 

Сарапшы әлемдік турбуленттілік пен нарықтың, соның ішінде, қаржының құбылмалылығы дәуірінде ірі инвесторлар тұрақты өсетін салаларға қаражат салатындығын атап өтті. 

Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі көптеген елдер үшін ең бірінші орында тұр. Оның қамтамасыз ету үшін көптеген аумақтық және климаттық мүмкіндіктер талап етіледі. Қажетті инвестициялық қамтамасыз ету жағдайында Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп өнімдерінің өндірісі ішкі, оған қоса, сыртқы нарық үшін тұщымды нәтиже беруге қабілетті, - дейді ҚСЗИ бөлім басшысы. 

Еске сала кетейік, Сауд Арабиясындағы Инвестициялық дөңгелек үстелге қатысу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, шикізаттық тауарларға тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция жасау мен барынша дамыған елдердің қатарына қосылуға баса назар аударды. 

Республикамыздың экономикалық табыстарына тоқтала отырып, Президент екі ел арасындағы әріптестіктің келешегін айтты. Мысалы, машина жасау, шойын мен болат өндірісі, тағам өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларында Қазақстан жылына 400 млн долларға шикізаттық емес тауардың 100-ден астам түрін ұсына алады. 

Бір айта кетерлігі, Қазақстан мен Сауд Арабиясы мұнай-химия, атом энергетикасы, жасыл сутек өндірісі, ғарышты зерттеу, аграрлық сектор сынды салаларда да әріптес болуға жол ашық. 

Біздің еліміз бидай мен ұнның ірі өндірушісі, Президент айтқандай, біз Арабиядағы жоғары сапалы бидай, ұн мен майлы дақылдардың тұрақты, ұзақ мерзімді жеткізушілерінің бірі болуға дайынбыз. Бәрі Қазақстанда инвестициялық  климаттың жақсы екендігін айтады, ол бізбен серіктес болуға үлкен қызығушылық танытып отырған Сауд Арабиясы үшінде тартымды. Біздің өзара тиімді қарым-қатынасымыздың әрі қарай дамитыны сөзсіз, - деді Айдар Құрмашев. 

Өзгелердің жаңалығы