Satbayev University мен Penn State University ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

8 Ақпан 2024, 13:14
379
Бөлісу:
Satbayev University мен Penn State University ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сәтбаев Университеті мен Pennsylvania State University (Пенсильвания штаты университеті, АҚШ) өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл құжат мұнай өнеркәсібі саласында ұзақ уақыт бойы тығыз байланыс жасап келе жатқан екі университет арасындағы академиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Келісімге Penn State University президенті Нили Бендапуди мен Сәтбаев Университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Мейрам Бегентаев қол қойды.

Екі университеттің ынтымақтастығын тереңдету халықаралық келісімдерді іске асыру шеңберінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жұмысының, сондай-ақ ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің АҚШ-қа жұмыс сапарларының нәтижесі болды, оның барысында екі елдің жоғары білім саласындағы стратегиялық әріптестігін дамыту бойынша жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Келісімге сәйкес, екі университет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас материалтану, киберқауіпсіздік және геология бағытындағы бағдарламалармен кеңейетін болады. Университеттер 3+1+1 (бакалавриат+магистратура) форматында қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құраммен, студенттермен алмасады және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады.

Биылғы 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Penn State университетінде оқығысы келетін талапкерлерді, магистранттарды, сондай-ақ 3-курс студенттерін оқуға қабылдау басталады.

Сәтбаев Университетінің делегациясы Penn State университетінің басшылығымен, Material Sciences and Geology кафедрасының өкілдерімен болашақ білім беру бағдарламаларын егжей-тегжейлі толық пысықтады, сондай-ақ Institute for Computational and Data Sciences өкілі, доктор Гвидо Червонемен кездесті.

Айта кетейік, Пенсильвания штатының университеті (The Pennsylvania State University) – АҚШ-тың Стейт-Колледж қаласында орналасқан мемлекеттік зерттеу университеті (Пенсильвания штаты). Ол АҚШ-тағы ең үздік 15 мемлекеттік университеттердің бірі, онда 90 000-ға жуық студент оқиды, бұл оны Америка Құрама Штаттарындағы және әлемдегі ең ірі университеттердің бірі ретінде танытып отыр.

Өзгелердің жаңалығы