Сәрсенғали Жүзбай: Күй мектебі, күй мәнері мұрагерсіз емес

23 Қаңтар 2022, 11:31
3350
Бөлісу:
Сәрсенғали Жүзбай: Күй мектебі, күй мәнері мұрагерсіз емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көп жылдан бері қазақ халқының мұрасы, ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан күйші, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбай күйшіліктің қазіргі халі туралы сұхбат берді. 

– Сәрсенғали аға, жалпы өнер саласына қалай келдіңіз? 

– Мен домбыраны бала күнімнен тарттым. Алты не жеті жас шамасында болуым керек, домбыра құлағын бір әнге салып келтіріп отырғам. Сонда ағам Жанғали (бүгінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі күйші) «домбыраның құлақкүйін былай келтіріп үйрен, мен қазір екі шекті бұрағанда әдемі үн шығады, бұл, демек домбыра құлағы келгені, сен соны байқап отыр» деп, домбыра құлағын жәйлап бұрай бастады. Сонда құлақкүйі келгенін сезгендей болдым. Содан былай әрине солай келтіретін болдым. Бертін келе естіген ән – күйді өздігімнен тартқан болып жүрдім. Алғаш тартқан күйімнің бірі «Бозінген» еді. Бір күні төртінші класста оқитын кезім, сабақтан соң үйге қайтып келе жатқанда құлағыма Төлеген Момбековтің «Бозінгені» келді. Тыңдай қалдым. О кезде әр үй Төлеген Момбековтің шерткен күйлерін самбырлатып қойып қоятын, кейде көшедегі радиоқабылдағыштан да беріп жатады. Сонда үстіңгі шектен алу тиіс дыбыстарды мен астыңғы шектен қате алып жүргенімді білдім. Әлгі жері құлағымда, үйге келе сала домбыраға салғанымда енді ұқсағандай болды. Бұны неге айтып отырмын?! Бүгін қарасам мен бала күнімнен бұрынғы күйшілерше құймақұлақпен күй алған қазақ екенмін.

Әкем Әлімхан Жүзбай асқан күйші еді. Ұзақты күн домбырасын тыңқылдатып шерткенде тыңдаудан бір жалықпайсыз – ау! Құлаққа жұмсақ, жүрекке жылы ғып шертуші еді. Сол әкемді тыңдаймын, жұмсақ шертіп келе жатады да сәл қатқылдау ғып, қаңқылдатып бір шертеді. Бұл қалай деймін. Тіктеп қарауға ыңғайсызданамын. Бір күні көзім түсе кеткені, сөйтсем, саусақты домбыраның бауырынан тиекке қарай жылжыта қояды екен. Одан бері ағам Жанғалидың, әкемнің немере ағасы Сейітхан көкемнің, Қаратаудың қос қыраны атанған Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтың күйшілік өнерінен тағылым алдық қой. Сөйтіп жаманды – жақсылы домбыра шертетін болдық. 

–Жасөспірім, студенттік шағыңызда үлгі тұтқан адамыңыз болды ма? 

– 1986 жылы орта мектепті бітірген соң Жезқазған музыкалық колледжіне, қобыз класына түстім. Кәдімгі Қорқыттан қалған қара қобыз. Қобыздың мысы басты ма, алғашында ұстауға қорқып, үркектеп біраз жүрдім. Алғашқы ұстазым қобызшы Байғара Сәдуақасов болды. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқуымды жалғадым. Ол күндері атақты қобызшы Сматай Үмбетпаевты сыртынан еститінмін. Теледидардан қобыз тартқанын да көрдім. Ғаламат енді. Бір күні іздеп бардым. Қобыз тартқанын көрдім. Мен қобызшыны емес, құдіретті көрдім! Сол күннен бастап қобызға құлай «ғашық» болдым. Смекеңше шалғым кеп әбден шалықтадым. Жарықтық былтырғы жылы өмірден озды. Шын мәніндегі ұлы қобызшы, ұлы ұстаз еді! 

– Ұлтымыздың баға жетпес өнерінің бірі – күйшілік. Осы ұлттық музыканың болашағы туралы не айтасыз? 

– Күйдің, күйшіліктің айырықша өнер екені даусыз. Күйдің әңгімесі кемел әрі түпсіз. Күйдің, жалпы өнер шіркіннің даму қарқынын экономиканың, білім – ғылымның даму қарқынын айтқандай дәл, нақты айтуға келер ме екен?! Жалпылама айтсақ, иә күй бар, күйші де бар. Құдайға шүкір, домбыра әр қазақтың үйінің төрінде. Күйтану ғылымы да жоқ емес. Қал-қадірінше қайсыбір күйшілеріміз, күйзерттеуші ғалымдарымыз күй жайында айтып та, жазып та жүр.  Жетпейтіні не? Жетпейтіні насихат. Бүгінгі насихат деп жүргеніміз насихаттың ең қарабайыр әрі таптаурын болған түрі. Иә, Ұлттық өнерді телерадиодан саңқылдатып жйі бергеннің де пайдасы зор. Құлаққа сіңісті болады. Бірақ одан да ұтымды түрлерін, жолдарын қарастыруымыз керек. Елітіп алып кететіндей, әсерлі жобалар болуға керек. Аста – төк күй аңыздары бар бізде. Онда ілкі заманнан бүгінге дейінгі көл – көсір дүние саф күйінде тұр. 

– Өзіңіз бір сұхбатыңызда фильм мінезін аша түсу үшін ұлттық музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды орынды пайдалана білейік депсіз. Бұл бағытта қазақ фильмге қандай баға бересіз? Болашақта дұрыс пайдалана білу үшін нені өзгерту керек?

– Мен анығында ұлттық музыкалық аспаптарымызды айттым. Бүгінгі күндегі қазақ киносының, қазақ анимациясының көркемдік деңгейі жөніндегі пікірім өзімде қалсын, ал музыкасы сын көтермейді. Әсіресе, тарихи дүниелер. Электронды дыбыстарды қолданбасын демейміз. Бірақ жөнімен болуы керек қой. Жарықтық Болат Сарыбаев жинап – терген (қайсыбірін жаңғыртқан) халқымыздың бай музыкалық аспатары бар ғой Құдайға шүкір. Бертінгі Бейбарыс фильмін алайықшы мысал үшін. Жалғыз сазсырнай. Екі үш ақ дыбыс (нота). Ескен желдей уілдейді де тұрады. Сол уіл сол заманға бір ақ апарады сізді. Иә, өткен тарихтың экранға көшуі жақсы үдеріс. Алайда ол ендігі жерде өнер туындысы. Сондықтан өнердің өлшеміне, барлық критерилеріне сай болғаны жөн. Киноның да, анимациялық фильмнің де музыкасы біріншіден әуезді, құлақта қалатындай болса, екіншіден тамырын ұлттық ән – күйден тартса шіркін. Бізде айқай, тасыр – тұсыр басым. 

Сіздің ойыңызша, қазіргі заманауи күйші қандай болуы керек?

– Әр уақыттың өз күйшісі бар. Халық өнерпазсыз болмайды. Атын атап, түсін түстеп жатсам ұзақ болар, бүгінгі күнде қазақтың барша күй мектебі, күй мәнері Құдайға шүкір мұрагерсіз емес. Ән де солай, жыр да солай. Әлгі «ана домбырашы өліп еді, күй сонымен бірге өлді, мына қобызшы өліп еді, қобыз сонымен өлді» деп тұтас ұлттың, тұтас өнерпаздың тауын шағып, тауанын қайтарғанды өз басым жөн көрмеймін. «Туады, туады әлі нағыз ақын» деген Мұқағали кең екен – ау! Бүгінгі күйші кешегінің жалғасы болуы керек. Ал домбыра мен қобызды электронды сүйемелмен тарту, бұл өнер дегеннен көрі, әуезе. Яғни әуестену. Уақытша дүние. Алданыш. Болашағы жоқ.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы