Сарқанда балаларды оңалту орталығы ашылды

11 Наурыз 2022, 22:01
2468
Бөлісу:
Сарқанда балаларды оңалту орталығы ашылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарқан қаласында 40 балаға арналған «Сенім» оңалту орталығы ашылды. Бұл Жетісу жерінде ашылып отырған 11-ші орталық, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

 Онда жалпы сомасы 37,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған, соның 27,7 млн теңгесі оңалту құралдарына жұмсалды. Мұнда MotoMed трежанеры, Вертикализатор, ERGO құрылғысы, Рецикулятор, Дэльфа-1 логопед тренажеры және басқа да құрылғылар бар. Заманауи құралдармен жабдықталған 22 кабинетте 55 жоғары білікті маман қызмет көрсетеді. Орталыққа балаларды тасымалдауға арналған арнай жаңа автокөлік те бөлінген. Ауласы абаттандырылған, балаларға арналған ойын алаңдары бар. 

Сарқанда балаларды оңалту орталығы ашылды

Бұндай орталықтарды мейлінше көптеп ашқан жөн. Ерекше күтімді талап ететін балаларды үйде ұстамау керек. Баланы арнайы білікті мамадарға апару арқылы қандай да бір жетістіктерге жетуге болады. Сарқан ауданында ашылып отырған орталықтың ерекшелігі, бұл жерде балаларды таңнан кешке дейін қалдыруға болады. Сондай-ақ алыс ауылдардан қатынайтын ата-аналар осы орталықта 6 айға дейін қалып, емдеу барысында балаларының жанында бола алады, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат.

Бұл нысанда әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-құқықтық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі. 

Оңалту орталығының қаламызда ашылғанына ризамын. Осында 11 жастағы немеремді әкелдім. Жыл сайын елордаға оңалтуға баратынбыз. Енді ешқайда сабылмай осы орталықтың мамандарына жүгінемін, баламның денсаулығында оң өзгерістер болады деп үміттенемін, - дейді сарқандық Сәулет Нұрмұхамедқызы.

Сарқанда балаларды оңалту орталығы ашылды

Айта кетейік, орталық орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуге 27 млн.теңге жұмсалған.

Жалпы мұндай орталықтардың саны Жетісу жерінде 11 болса, соның 4-еуі мемлекеттік мекеме. 

Өзгелердің жаңалығы