Тегерандағы ұшақ апаты: АҚШ сарапшысы Иранға барады

10 Қаңтар 2020, 09:46
7930
Бөлісу:
Тегерандағы ұшақ апаты: АҚШ сарапшысы Иранға барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тегеран АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесін апатқа ұшыраған лайнерді тексеру жұмыстарына қатысуға ресми түрде шақырды.

АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқармасы (NTSB) украиналық ұшақтың әуе апаты туралы Ираннан ресми хабарлама алды, енді олар оқиғаны тергеуге қатысатын болады. Бұл туралы Reuters агенттігі Иран шенеунігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. 

NTSB мәліметі бойынша, олар тергеу жұмыстарын жүргізу үшін өкілетті өкілін тағайындаған.

Басқарма ұшақтың апатқа ұшырау жағдайын бақылап, тергеуге қатысу деңгейін бағалауын жалғастыруда, - делінген NTSB мәлімдемесінде.

Boeing корпорациясы да америкалық ведомствоға МАУ лайнерінің апатқа ұшырау бойынша тергеу жұмыстарына көмек көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді. Алайда, компания өз мамандарын Иранға жіберу не жібермеу туралы нақты ақпарат бермеді.

Осыған дейін Иран үкіметінің өкілі АҚШ-тың "украиналық ұшақты кездейсоқ зымыран атып түсірді" деген мәлімдемесін жоққа шығарды және тергеу жұмыстарына қатысу үшін апат орнына Boeing сарапшысын шақырды.

Айта кетейік, 8 қаңтар күні Тегераннан Киевке бет алған Украина халықаралық авиациясына тиесілі PS752 рейсі көкке көтерілісімен екі минут өткенде апатқа ұшыраған болатын. Өкінішке қарай, апат салдарынан бортта болған 176 адамның ешқайсысы тірі қалмады.

Өзгелердің жаңалығы