Сарапшы: Қазақстандағы Пентагонның биозертханалары туралы ақпарат жалған

28 Ақпан 2024, 22:20
687
Бөлісу:
Сарапшы: Қазақстандағы Пентагонның биозертханалары туралы ақпарат жалған
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ -архив

Еліміздегі Пентагонның биозертханалары туралы ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Зәуреш Жұмаділова мәлімдеді.

Қазақстанда ешқандай да америкалық биозертхана жоқ. Біздің барлық зертханаларымыз – қазақстандық. Олар баршаға ашық, яғни онда келуге болады. Екінші мәселе, ол Қазақстан Республикасындағы биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құзыретті орган – елдегі бүкіл осындай зертханалар желісін бақылайтын Денсаулық сақтау министрлігі арқылы аккредиттеудің белгілі процедураларын өту қажет. Біз шетел азаматтарының отандық ғылыми-зерттеу нысандарымызда еркін жүруіне жол бере алмаймыз. Бұл туралы бұған дейін де бірнеше рет айтылды, алайда осы мәселе қайта-қайта көтеріле береді. Мен бұл кейбір блогерлердің осындай жалған ақпараттарды тарата отырып, хайп қуғылары келеді деп ойлаймын, - деді Зәуреш Жұмаділова.

Мұндай пікір Бішкекте өткен «Орталық Азия мемлекеттеріндегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен эпидемиологиялық жағдайды бақылаудағы әріптестік перспективалары» пікірталасы барысында айтылды.

Пікірталасты «Ой Ордо» сараптамалық бастамалар орталығы ұйымдастырған.

Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Байқадам Құрамаев Қазақстан билігінің ұстанымын алға тартып, қазақстандық зертханалардың бүкіл қызметі бейбіт сипатқа ие екендігін атап өтті.

Пандемия жағдайы Орталық Азия мемлекеттеріне санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін даңа экзотикалық және «қолдан өсірілген» вирустарды қосқанда, аса қауіпті инфекцияларды анықтау үшін техникалық мүмкіндіктерге ие болу қажеттігін көрсетті. 2020 жылдағы секілді қауіпті инфекциялардың трансшекаралық деңгейде жылдам таралу қаупі әлі де бар, оның үстіне, өңір мемлекеттері арасында жүздеген мың азамат күн сайын көрші елдерге сапар шегетінін ескеру керек, - деді Құрамаев.

Сондай-ақ айтуынша, Қырғызстан үшін биоқауіпсіздік бойынша заң жобасын қабылдауға қатысты жұмыс жүргізілуде, осы орайда Қазақстанның тәжірибесі мен әріптестік маңызды.

Көптеген зерттелген инфекциялар ешқайда кеткен жоқ, олармен бірге жаңа патогендер пайда болады. Іс жүзінде олардың барлығы үлкен пандемиялық әлеуетке ие болуы мүмкін. Біз осыған дайын болуға тиіспіз, - деп түсіндірді Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық карантиндік және аса қауіпті инфекциялар орталығы директорының орынбасары Нурболот Үсенбаев.

Зәуреш Жұмаділова өз кезегінде адамзат үнемі түрлі биологиялық қатерлермен күресіп келе жатқанын, көптеген вирус бұрыннан белгілі әрі жақсы зерттелгенін, бірақ жаңа вирустар да пайда болатынын ескертті.

Халыққа қатер әлі де бар. Біз биологиялық қатердің алдын алу тұрғысында Орталық Азия мемлекеттерімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз, - деді сарапшы.

Айтуынша, Қазақстанда зертханаларда апат орын алған жағдайда да, сонымен қоса, ТЖ кезінде жазатайым жағдайлар, мысалы, жер сілкінісі немесе биологиялық нысанды бұзылуы мүмкін су тасқыны сынды жағдайларда әрекет етудің қажетті регламенттері мен механизмдері бар екендігін мәлім етті.

Бізде трансшекаралылық аспектілігін ескере отырып, сондай қауіпті жағдайлардан шығудың ықтимал жолдары мен тәуекелдерін бағалау әдісі бар. Еліміздегі барлық патогендер екіжақты тағайындау тауарларының тізіміне енгізілген, сәйкесінше, олардың кез келген жерге орын ауыстыруы мемлекеттік органдар тарапынан лицензиялануы тиістігін айта кеткен жөн. Яғни лицензия алу үшін қандай да бір биологиялық материалды пайдалануды тағайындау алға тартылады және лицензия талаптары бұзылса, санкциядан бастап қылмыстық тергеуге дейін қарастырылады, - дейді Жұмаділова.

Жамбыл облысы Гвардейский кентінде BSL4 деңгейіндегі биозертхана құрылысына қатысты сұраққа жауап бере отырып, ол құрылыстың басталғанын растамады. Бірақ қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты бірінші топтағы вирустардың патогендеріне зерттеу жүргізе алатын зертханаларын желісін дамыту қажеттілігі туралы мәселе барын еске салды.

Бұл елдің биоқауіпсіздігіне қатысты стратегиялық тұрғыдағы мәселе. Бұл перспективалық бағыт, бірақ Қазақстанда ол әзірге жүзеге асырылған жоқ. Бұл айтарлықтай қымбат, - деді спикер.

Кез келген зертхананың құрылысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қарастыратын алдын ала жоба бойынша жүзеге асырылады деп отыр.

Сондықтан егер Қазақстан күндердің күнінде ондай деңгейдегі зертхананы салатын болса, ол тіпті ұлттық емес, халықаралық стандарттар бойынша салынады. Өйткені ол барынша жоғары тәртіппен жүргізілетін болады және сәйкесінше, ол жерде тәуекел деңгейі де жоғары болары сөзсіз. Мысалы, Алматыдағы Орталық референс зертханасының сейсмотұрақтылығы қауіпсіздіктің үшінші деңгейімен 9 балға есептелге, яғни ең қуатты жер сілкінісі орын алған жағдайда ол құлап қалмайды. Сондықтан егер BSL4 зертханасы салынатын болса, барлық сақтық шаралары қарастырылады. Көптеген елдерде ондай деңгейдегі зертханалар бар, бірақ ол көрші мемлекеттер үшін ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлаймын. Өйткені бұл жағдайда олар бірінші кезекте өздері орналасқан елге қауіп төндірген болар еді. Сондықтан кез келген қауіпті нысанның құрылысын кез келген мемлекет биоқауіпсіздіктің бүкіл қатерлерін ескере отырып жүзеге асырады. Демек, бұл тәуекелдің барлығы жобаны әзірлеу процесінде барынша азайтылады, - дейді Зәуреш Жұмаділова.

Өзгелердің жаңалығы