Сарапшы: Қаржылай сауатты болу үшін ақшаға деген көзқарасты өзгерту қажет

31 Наурыз 2022, 17:28
4328
Бөлісу:
Сарапшы: Қаржылай сауатты болу үшін ақшаға деген көзқарасты өзгерту қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржылық сауаттылықты еске алсақ, бірден баюды ойлаймыз. Алайда бүгінде адамдар алған айлығын күнделікті қажеттілігіне жұмсаумен шектелуде. Ал келер шақта қандай жағдайлар мен қиындықтар болатынын ойлайтындар аз. Қаражатты басқару жөнінде және ақшаға қатысты дұрыс әдеттер туралы «қаржы генийі», «Лайфхактар» кітабының авторы Данияр Жігітбекпен сұхбаттасқан едік. 

– Қаржы сауаттылығын арттыру үшін ақшаға деген көзқарасты дұрыстау қажет деген екенсіз жазбаңызда. Жалпы қоғамда бала тәрбиесінде де «ақша адамды бұзады», «ақша қолдың кірі» деп тәрбиелеп жатады. Ақшаны жеткілікті жарату үшін адамға қандай көзқарас қалыптастыру қажет? 

– Меніңше, ақша адамды бұзбайды, ол тек адамның ішіндегісін сыртқа шығарады. Күнәһар ақшасы көбейсе, үлкен күнәлар жасауға жол ашылады. Ізгі адам ақшасы көбейсе, жақсылық жасау аясы кеңейеді. Жалпы, үнемдеудің антонимі – ақшаны шашу. Мысалы, қажет болмаса да, зат сатып ала беру. Қанша теңге керек? Оны не істейсің? деген сұраққа «ананы сатып алам, мынаған жұмсаймын» деп жауап берсеңіз, демек сіз тұтынушысыз. Тапқаныңды жұмсай бергің келеді. Ал өзін тұтынушы емес инвестор сезінетін адам ақша деген сөзді естігенде, оны бірден жұмсай салуды емес оны көбейтуді, сақтауды ойлайды. Тұтынушылық та әдет. Бірақ жаман әдет. Себебі сені қарызға батырады, адамның қаржылық тәуелсіздігн шектейді.

Маған ақшаны ұпай деп қабылдаған ұнайды. Жалпы, әр адам қалай қабылдаймын десе өз еркі. Бастысы, шабыттандырса болғаны. Мысалы, біз компьютерлік ойын ойнаған кезде миссияны өту арқылы көп ұпай жинауға тырысамыз. Ал сәтсіз қадам жасасақ, ұпай жоғалтамыз. Ал егер ұпай саның белгілі бір шектен төмен түссе, жинақы бола түсеміз. Ойын болған соң, қатты уайымдаймыз әрі жеңіл қабылдаймыз. Нақты күшпен кірісесің. Бұл кезде ақшаға маңыздылық берілмейді. Бастысы, ойын ретінде көру. 

– Қазір қарызсыз адам аз. Одан құтылудың жолдары бар ма? 

– Әдетте қарыз алатын адам қолына әлі түспеген қаражатына сенеді. Мәселен, ондай адамдар «келесі айдағы айлықта, премия т.б немесе тағы басқа жобалардан осыншама ақшам түседі, соған дейін қарыз бере тұршы» дейді. Бұл жердегі оның ниеті қарызды уақытында қайтару. Алайда көп жағдайда ақшасы уақытылы түспей қалып, одан қарызын сұрағанда «күте тұршы, міне енді түседі» деп уәдесін төге бастайды. Ол алған қарызымен өзінің басқа да қарыздарын жауып жатуы мүмкін.

Дұрысы, қарызсыз өмір сүруге тырысу керек. Қарыз – шыдамсыздықтың ақша түріндегі көрінісі. Мысалы, ондай адам айфонға ақша жинап отырғысы келмейді. Ол дәл қазір банктен немесе басқа біреуден қарыз алып, құнды затына қол жеткізгенді жөн санайды. Нәтижесінде айфон қолда, қарыз мойында болады. Былайша айтқанда, бір жылда қарызынан құтылуға асық адам. Алайда басқа қаржылық мақсаттары ше? Ол не болмақ? 

– Қазір көбі студенттік шағынан бастап жұмыс істегісі келеді. Сіздің ойыңызша, бұл дұрыс па, әлде білім алу маңызды ма? 

– Меніңше, егер студент болсаң атыңа лайық болып, білім алуды ғана уайым қылу керек. Жұмыс істеп үлгересің әлі. Әрине, егер ата-анаң сені қаржыландыруға шамасы жетпесе, онда түсінемін. Ондай кезде оқып жүріп, жұмыс істегенің орынды. Ата-анаң жағдайыңды жасап тұрса, жұмыс істеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Иә, жасөспірімдерді түсінемін. Оларда құрбы-құрдастары секілді жұмыс істеп, пайда тапқысы келеді. Оқып жүріп, жұмыс істеудің зиянын айтып көрейін. Ең алдымен ақша таба бастайды. Қалаған киімін алып, қалаған ресторанында тамақтанады. Әрине, бұл жақсы. Сосын анасының туған күніне су жаңа айфон алып береді. Анаң оны көпке көрсетіп, сені мақтан тұтады. Өзін қадірлі перзент сезінеді. Мұның жаман жағы қандай сонда? Мұндай кезде жұмыс істеп, ақша дәмін көрген студентте «оқымасам да, ақша таба аламын, сол арқылы проблемамды шеше аламын» деген ой туады. Сөйтіп білімге неқұрайлы қарай бастайды. Білім алуға деген ынта мен ықылас азаяды. Көңілі суиды. 

– Көп ақша табу көп еңбекті талап ете ме? Жалпы көп ақша қажет пе? 

– Әрине, ақша көп емес, өте көп болуы керек. Не үшін? оны ойламау үшін. Өйткені ақшаң мол болса, оны ойламайсың. Ақшаны жүрегіне кіргізбеген адам оны тек жай сандар деп түсінеді. Осы орайда өзім көпке ұсынып жүрген Рэй Далионың ережесін айтып өткім келеді. Оның адам және мемлекеттің экономикалық дамуына қажет 3 қағидасын айтып кетейін. Біріншіден, қарыз адамның жеке табысын басып озбауы тиіс. Екіншіден, табыс өнімділікті басып озбауы қажет. Және соңғы бастысы, өнімділігіңді арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеу. Себебі бұл – ұзақ мерзімді өсудің негізі. 

Осы сөздеріме мысал келтірейін. Жұмысқа жаңадан тұрған жас маман басында өзін көрсету үшін барын салады. Өз өнімділігін арттыру үшін тыңғылықты жұмыс істейді. Алатын табысы өнімділігіне сай 200 мың делік. Кейін біршама уақыт өткеннен соң ол азырақ жұмыс істей бастайды. Ақша келіп жатыр, өзін қинап қайтеді? Оның өзін дамытуға деген құлшынысы азаяды. Таныс жағдай ма? Ол аз жұмыс істейді, бірақ көп табады, яғни табысы өнімділігінен оза бастады деген сөз. 

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы