Сарапшы: «Орталық Азия+Қытай» саммиті - қол жеткізген жетістіктерді бекітетін кездесу

12 Мамыр 2023, 11:25
967
Бөлісу:
Сарапшы: «Орталық Азия+Қытай» саммиті - қол жеткізген жетістіктерді бекітетін кездесу
Фото: Артём Чурсинов

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Әділ Каукенов «Орталық Азия+Қытай» саммиті - қол жеткізген жетістіктерді бекітетін кездесу деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Орталық Азия+Қытай» саммиті - өте маңызды жиын. Қытай бүгінде әлемде екінші экономика ғана емес, сонымен бірге бірқатар салада, дәлірек, тек экономикалық ғана емес, ғылыми-саяси жағынан да озық мемлекет екені түсінікті. Бұл жерде тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін тығыз қарым-қатынасты сақтап қана қоймай, мемлекет басшылары деңгейінде ортақ тәсілдер мен көзқарастарды дамыту өте маңызды, - деп айтты сарапшы.

Әділ Каукенов Шэньси провинциясының Сиань қаласында өтетін саммит өте маңызды оқиға екенін алға тартты.

Өйткені үш жылдан астам уақытқа созылған пандемия кезінде мемлекет басшылары жеке кездесе алмады, тек онлайн режимінде кездесе алды. Орталық Азия елдері президенттері мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бұл тарихи кездесуі алдында министрлік басшылары, сарапшылар үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Осылайша оның нәтижесі Сианьда жүзеге асады, - деп толықтырды ол сөзін.

Айтуынша, бұл саммит бүгінгі қол жеткізген жетістіктерді, мүмкіндіктерді бекітетін кездесу болмақ.

Си Цзиньпин Қытайдың бүкіл Орталық Азия үшін қандай да бір жаңа ұсыныстарды, жаңа жобаларды ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Орталық Азия да өз кезегінде өзінің дамуы үшін біраз жаңа жобаларды жүзеге асыруға, тың идеяларды табуға дайын. Демек, Орталық Азия мен Қытай президенттерінің Сианьдағы кездесуі – бүгінгі қол жеткізген жетістіктерді, мүмкіндіктерді бекітетін кездесу, - деп айтты Әділ Каукенов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 17-19 мамырда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен баратынын еске сала кетейік.

Мемлекет басшысы Сиань қаласында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Қытай» саммитіне қатысады.

Өзгелердің жаңалығы