Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте ипотека мөлшерлемесін 20 пайызға дейін төмендету бастамасына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл шарадан халыққа ипотека қолжетімді болмайды және баспана сатып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттырмайды. Сарапшы қазіргі ипотекалық мөлшерлемелердің өзі халық үшін тым ауыр екенін айтты.
Қазір орташа мөлшерлеме шамамен 25 пайыз. Егер алғашқы жарнаны қоса есептесек, адам 6-7 жыл ішінде тағы бір сондай пәтердің құнын артық төлейді. Сондықтан адамдар ипотека алуға асықпайды, бәрі есептеп, оның өте қымбат екенін түсініп отыр, – деді Лукьяненко.
Оның сөзінше, мөлшерлеме 25 пайыздан 20 пайызға түссе де, жағдай түбегейлі өзгермейді.
Онда артық төлем 6-7 жыл емес, 7-8 жыл болуы мүмкін. Яғни мөлшерлеме бәрібір жоғары болып қалады, – деді сарапшы.
Жеңілдік бәріне бірдей берілмейді
Нина Лукьяненко қоғам талқылап жатқан жаңалықтың маңызды тұстары назардан тыс қалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, үкімет деңгейінде айтылған негізгі шарттардың бірі – 20 пайыздық мөлшерлеме тек алғашқы жарнасы 30 пайыздан асатын азаматтарға ғана қолданылуы мүмкін.
Ал енді қараңыз. 30 пайыз жинай алмаған адамдар ше? Оларды біз қалай "жазалап" отырмыз? Жоғары мөлшерлемемен. Олар бұрынғыша 25 пайызбен ипотека алады, – деді ол.
«Ақшасы аз адамдар ең көп төлейді»
Сарапшы алғашқы жарна аз болған сайын несие көлемі ұлғаятынын, ал үлкен несие жоғары пайызбен қосылып, ай сайынғы төлемді ауырлатып жіберетінін айтты.
Түрлі себеппен 30 пайыз жинай алмаған адамды біз осылайша тағы да қиын жағдайға қалдырамыз, – деді Лукьяненко.
Ол бұл бастаманы "популистік шара" деп атады.
Иә, "біз мөлшерлемені төмендеттік" деп айтуға болады. Бірақ іс жүзінде бұл қадам мәмілелер санын арттыра ма? Халық үшін ипотеканы шынымен қолжетімді ете ме? Меніңше, жоқ, – деді сарапшы.
Былтыр да ипотека нарығы тоқтап қалған
Лукьяненко бұған ұқсас жағдай былтыр наурыз айында болғанын еске салды. Оның айтуынша, сол кезде үкімет барлық банктерде осындай ипотекалық өнімдер болуы керек деп мәлімдеген. Бірақ нәтижесінде ипотека нарығы іс жүзінде тоқтап қалған.
Банктер үшін де тиімділік маңызды. Ресми түрде ешкім ипотеканы тоқтаттық деп айтқан жоқ. Бірақ қарыз алушыларға қойылған талаптар соншалық ауыр болды, адамдар өздері бұл несиеден бас тартты, – деді ол.
Кейін бұл норма қараша айына шегерілген. Сарапшы қазіргі ұсыныстардың дұрыс бағыттағы қадам екенін мойындады. Алайда қарапайым тұтынушы тұрғысынан мәселе шешілмегенін айтады.
Мен бұл қызметті пайдаланатын адамдармен күнделікті жұмыс істеймін. Сол себепті тұтынушы көзімен қараймын. Меніңше, ипотека қолжетімді болған жоқ. Керісінше, үлкен алғашқы жарна жинай алмаған адамдар тағы да ұтылып отыр, – деді Нина Лукьяненко.
Оның пікірінше, мұндай шаралар тұрғын үй нарығындағы мәмілелер санын айтарлықтай көбейтпейді.
Еске салайық, ипотека бойынша шекті мөлшерлеме 1 шілдеден бастап өзгереді.
Реттеуші органдар қарыздар мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін жаңартты. 1 шілдеден бастап ипотека бойынша шекті мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға дейін төмендейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қатысты қаулыжариялады. Құжат 16 мамырдан бастап күшіне енеді. Алайда көптеген несие бойынша мөлшерлемелер 1 шілдеден бастап жаңартылады.