Сарапшы экстремизм, терроризм, радикализм туралы: Бұл ағымдар бірлікке емес, бүлікке алып барады

25 Ақпан 2022, 14:02
4485
Бөлісу:
Сарапшы экстремизм, терроризм, радикализм туралы: Бұл ағымдар бірлікке емес, бүлікке алып барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің директоры Маратбек Нұржанов елімізде болған қаңтар оқиғасы, жалпы толеранттылық пен діни түсінік мәселесі туралы бізге берген сұхбатында айтып берді. 

«Қаңтар оқиғасы» туралы пайым

Біздің елімізде медреселер, діни оқу орындары көбейгенінен көп нәрседен тыс қалуымыз мүмкін. Өйткені ол оқу орындарында дінді орта ғасырлық жазбалардан көшіріп оқуды, арабша білсе білімді санауды жоғары санайды. Өкінішке қарай, еліміздің тарихында Қожа Ахмет Яссауи, Әл Фараби, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Тұрмағанбет данышпан елдің идеолгиялық мақсатын көтеретін, дамытатын тұлғаларға өз заманында діни қараңғы түсініктегі топтар елден қуған, жер астына кіргізген, үстерінен арыз жазып түрмеге қаматқан, Құдайдың жолы өркениетпен бірге дамып отыру керек деген пікірлеріне қарсы шығып жау көріп отырған. Әрқайсысының тарихын өркениетті имандылық көзқараспен зерттеп көрсек, адам шошырлық жағдайларды байқаймыз, - деді Нұржанов. 

Ол атап өткендей, қаңтар оқиғаларында жалпы халықпен бірге араласып діни топтар да қатысқаны белгілі болып жатыр, бұл топтар біреулердің  жеке мақсатындағы саяси жетегіне еріп жүргенін жалпы халық кейін аңғарып жатыр.

 Еліміздің идеологиялық қауіпсіздігін басқаратын басшылардың ұсталуы, осы діни теріс көзқарастағы кісілердің жетегіне, пікіріне ерген қауіпсіздік саласының қызметкерлері ұсталуы өте өкінішті. Діни топтардың біздің билікке де ықпалы жүріп отырған ба деген жаман ой тек мені емес, жалпы халықты да мазалайтынын ашық айтуымызға тура келеді. Біз эфирлерге тақылдап сөз сөйлеген, арабша сайраған,  ұйытып уағыз айтқан діни жетекшілерге емес, заманымызға сай өркениетті дамуымызға әкелетін көзқарастағы кісілерді көп шығаруымыз керек. Абай атамыз айтқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел», «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» - деген сөздерін қалқан қылып алуымызды айтар едім, - дейді қоғамдық бірлестіктің директоры. 

Сарапшы экстремизм, терроризм, радикализм туралы: Бұл ағымдар бірлікке емес, бүлікке алып барады

Лаңкестік салдарынан сабақ

Қазіргі уақытта еліміздің ішінде заңды талаптарды насихаттайтын, заңсыздықпен күресемін деген шолақ белсенділер де қаптап кеткені рас.Бұл таптың да мақсаттары белгілі болып қалып, қаржыға бола ақшаның төңірегінде жүргендері байқалып жатыр. Заңқой, дауқойлар қазіргі уақытта шолақ белсендіге айналды, асыра діншілдерді де қатты сынағанын байқауға болады.Қазақ айтады діншіл де болма, дінсіз де болма деп, өте толерантты халық екеніміз осы бабаларымыздың сөздерінен байқауға болады.Негізінде Дін – Ғылым, Дін – идеология, әрбір теріс түсіндірілген идеология адамның санасын улайтынын қазіргі уақытта мойындауымыз керек. Оның алдын алу үшін дінді ғылыммен, өркениетпен, еліміздің даму бағдарламасымен ұштастырып жеткізуіміздің қажеттілігі қазіргі заманның талабы деп қабылдағанымыз дұрыс болар еді, - дейді Маратбек Нұржанов. 

Абай атамыз айтқандай, «Дүниелік бірлік береке бермейді, Рухани бірлік болмай. Сен бай болсаң, ертең сенен де бай біреу шығады».

Еліміз бейбіт те өркениетті мемлекет болсын десек, ортақ мақсатымызды анықтап алуымыз керек. Ол үшін үлкен маңызды жұмыс тұрғанын сезініп, немқұрайлықты ысырып, жауапкершілікті, отансүйгіштікті, иманы бар, ұяты бар азаматтар мен азаматшаларды өркениетке мәдениетпен бірге келуіне бағыт-бағдар беруіміз керегін ұмытпағанымыз жөн. Әлем қазір рухани ортақ мақсаттағы тоқырауда тұрғаны, оған себеп болып тұрған діни көзқарастар мен радикалды топтарды жеке көзқарасымен шығарып, таратып отырған артында қаржылай саяси мақсаттағы жүйелі құрылымдардан қалай арылу жолын  білмей ойлану үстінде. Осындай мәселе біздің де елімізді айналып өтпегені байқалып отыр, - деді сарапшы. 

Нұржанов атап өткендей, жылына елімізде экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатына 270 млрд теңге бөлініп, жұмыс нәтижесінде олар көбейіп келе жатыр деп Парламент депутаттары дабыл қағып отыр. 

Мәселе қаражатта емес, қандай зерттеулер, әдіс-тәсілдер, оларды кімдер қалай жүргізгені өте маңыздырақ.Осы мақсатты дұрыс та тиімді пайдаланғанымыз еліміздің болашағы.Дін – сенім, Ислам – бейбіт өмір, мұсылман – ақыл есі түзу адам, Абай атамыздың «Ақылы бар адамға иман парыз, иманы бар адамға ғибадат парыз» - дегеніндей, кәпір – ниеті, ойы, мақсаты бұзық адам, ондай адамдар ұлт талғамайтынын және осындай Құдайдың сөзін, адамзатқа нұсқау берген сөздерін әлем халықтарына ортақ мағынада түсіндіруді қолға алуымыз керек.Осындай ұсынысты ҚМДБ және Бас муфтиіміз Наурызбай Тағанұлы қолға алып жатса, еліміздің дін саласындағы беделіне, елді біріктіретін мақсатқа үлкен жол ашыларына, халықтың сенім білдіреріне күмән келтірмейміз, - деді Маратбек Нұржанов. 

Оның айтуынша, ортақ мақсаттағы түсінігіміз, көзқарасымыз бірігу төңірегінен алшақтаған сайын, түрлі ағым топтар, жеке топтың мүддесін қорғаушылар күн санап көбейеді.

Пайғамбарымыз «Топ құрғандар біздерден емес» деп айтқандай, біз бір топқа қажет, өркениеттегі дамуымызға, заманымызға лайықты имандылық қағидаларына қарама қайшы келетін, тұмшаланған ой-өрістен санамызды алшақ ұстауымыз қажет, - деді ол. 

Әр мемлекеттің діни ішкі мәселесі менталитетке байланысты

Сарапшы экстремизм, терроризм, радикализм туралы: Бұл ағымдар бірлікке емес, бүлікке алып барады

Жер беті халықтарының бақытты өмірі мен тұрақтылығын, қауіпсіздігін нығайтып, қоғамдық мақсаттарды іске асыру үшін адамдарды рухани жəне материалдық деңгейде үйлесімділікпен өркендеу мақсатында.Әрбір мемлекеттің діни ішкі мәселесі сол мемлекетті құрайтын халықтардың менталитетіне байланысты болатындығын ескеру маңызды.Бүгінде елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындауға ықпал ететін бірден бір мәселе рухани-мәдени сауаттылық болып саналады. Келешек ұрпақтың рухани тұрғыда  бай болуы – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты дін саласында білім беруді зерттеу маңызды. Ұлттың бүгіні мен келешегі  – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады, - деді ол. 

Маратбек Нұржановтың айтуынша, білім беруде жүргізіліп отырған жаңа реформаларды жүзеге асыру – барлығымыз үшін ортақ іс. 

Жаңа заман жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді.Бәріміздің жанымызды ауыртып жүрген мәселе бүгінгі таңда елімізде және әлемде орын алып отырған  Ислам дінінің атын жамылып, көрініс беріп жатқан келеңсіздіктердің пайда болуы. Ислам — «Сәлем» деген сөзден шыққан. Ол бейбіт және аман-саулық деген ұғымды білдіреді. Амандық-есендік адамның бақытын да аңғартады. Ол бақыттың өзі оның біліміне, сенім-нанымына, денсаулығына, еркінділігіне, шыншылдығына, тәрбиелігіне, жеке біреудің әрі қоғамның және сондай жағымды қасиеттеріне тікелей тәуелді. Мұндай жағдай тек халықтар арасында мызғымас берік бейбітшілік болғанда ғана мүмкін екені даусыз. Бейбіт өмір сүру – Жаратушымыз нұсқаған жол.  Ол жолмен адамзат жүріп өтуге тиіс. Сонда табиғаттың үндестілігі бұзылмауы керек. Сол себепті де «Ақыл-парасат діні» деп аталады. Оның ақиқаты Жаратушының соңғы және қорытындылаушы кітабы-қасиетті Құранда жазылған. Жаратушының адамдарға қоятын негізгі талаптары: білімнің, рухани және материалдық дүниелердің заңдылықтарын игеру, соның негізінде шындықты танып білу, сол арқылы өзіңді ізгі адамгершілікке үйрету, осының бәрін орындауда өзара әділеттілікті, шыдамдылықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз ету, - дейді ол. 

Нұржанов атағандай, Ислам дінінің мұраты: жер беті халықтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін жат ағымдардан аулақ болып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ ұтылмасымыз анық. 

Қоғамның тұтастығын бұзатын - экстремизм, терроризм, радикализм, сепаратизм сияқты ұғымдардың Ислам дініне қатысы жоқ екендігін, осы ағымдардың бірлікке емес бүлікке алып баратынын халқымызға және жастарға түсіндіру қажет. Әрбір имандылыққа бетбұрған жастарды анадан дарыған тілін сақтап, дінін мұрат тұтып, дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарын қорғауға тәрбелеу.Адамзат үшін ең қауіптісі — саяси, экономикалық, әлеуметтік емес, әсілі рухани дағдарыс. Ол адамды сенім — нанымнан айырып, айналасына немқұрайлықпен, Жаратушыға деген сенімнен, білімнен, мәдениеттен, имаңдылықтан бездіріп, азғыңдыққа бастайды. Сондықтан жер беті халықтарының рухани жағынан даму қарқынына ерекше көңіл бөліп, тіршілікте кездесіп жататын адамзат табиғатына жат ұрлық — қарлық, арақ құмар, нашақорлық, жезөкшелік, көзбояушылық, әділетсіздік, парақорлық, жікшілдік секілді қоғамымызға қауіпті жағдайлардың алдын алып, болдырмауды жан — жақты бірлесе отырып ауыздықтау үшін пәрменді рухани — әлеуметтік, құқықтық шаралар қажет, - деді спикер. 

 Оның айтуынша, әрбір адам өз еңбегінің жемісін үлкен үмітпен асыға күтетіні тәрізді, Жаратушы да өзі жаратқан құлдарының өзіне серік қосып, адасып, топ-топқа бөлініп, бір мәмілеге келе алмай жүрген дәрменсіз, мүшкіл халдерін емес, жан дүниесі кемелденген, бір сеніммен бейбіт қоғамда өмір сүріп жатқан бақытты жағдайдағы құлдарының бейнесін көргісі келеді.

Діни сауатты уақыт талабына сай, жастар санасына ұялата алсақ, 

- Біріншіден, білімді жастар берілген ақпараттардың өзіне қажетін алып, қажет емесін сүзгіден өткізіп үйренеді. 

- Екіншіден, діни сауатты жастар сыбайлас, жемқорлық сынды қоғамдық кеселдерден аулақ болар еді.

- Үшіншіден, ел санаты көбейіп, тастанды, жетім, қараусыз қарт мәселелері өз ретімен шешімін табар еді.

- Төртіншіден, өз-өзіне қол жұмсау, қоғамға өзін қажетсіз деп тану сынды кеселдерден де арылар едік.

 Уақыт талабына сай, жастардың білім аясы кеңіп, діни және ұлттық қорғаныш қабатын қалыптастырып, көптеген кедергілерге қарсы тұруға мүмкіндік туады. Әрине мұның бәрі оңай бітетін шаруа емес, дегенмен ел болашағының жарқын болуы үшін айқын қадамдар болары анық, - дейді Нұржанов.

Маратбек Нұртайұлы дін халықты қоғамдық мәселелер мен өмірден тыс бөліп алып, жеке қараған емес, олай болуы мүмкін де емес екенін айтады.

Дін - өмір үшін. Қазіргі таңда сырттан келіп жатырған негізсіз, артында жасырын үлкен күші бар ағымдарға заңмен, күшпен немесе тартысып дәлелдеп таласудан пайда таппаймыз. Біздің негізсіз діни ағымдарға күш қолданып, дәлелдеп таласуымызды сыртқы күштер күтіп отырған болуы ықтимал. Таласу түбі –тәкәппарлыққа апарып, баз біреулердің қақпанына түсіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан да жалпы, халыққа жастарға дін дегенді, ислам, шариғат, хадис, сүннет, саясат (амал) ұғымдарын түсінікті түрде адамзаттық, қоғамдық дәрежеде уақыт талабына сай түсіндіріп, бірінші кезеңде түсініктеме, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, екінші кезеңде заң аясында орындалу жолдарын қарастыру қажет, - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы