Сарапшы: 2023 жылғы Парламент сайлауы жаңа мүмкіндіктер ұсынады

19 Қаңтар 2023, 22:09
2884
Бөлісу:
Сарапшы: 2023 жылғы Парламент сайлауы жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әмина Үрпекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі – аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі, яғни ондағы 69 депутат партиялық тізіммен пропорционалды жүйе бойынша, ал 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Бір айта кетерлігі, заң шығарушы орган мүшелерін сайлаудың осындай жүйесі әлемнің басқа елдерінде де жұмыс істейді. Мысалы, Жаңа Зеландия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Мексика, Ұлыбритания, Әрине, елдердің әрқайсысы өзіндік айырмашылық пен ерекше белгіге ие. Бірақ жалпы алғанда аралас сайлау жүйесі пропорционалды да, мажоритарлық жүйенің де оң жақтарын бойына сіңіріп, олардың кемшіліктерін теңестіруге мүмкіндік береді деген пікір бар, - деп атап өтті бас сарапшы. 

Сонымен қатар ол аралас сайлау жүйесінің артықшылығына тоқталды. 

Аралас сайлау жүйесінің артықшылығы ретінде сайлаушының енді партияларға, сондай-ақ өз аймағынан белгілі бір кандидатқа дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаны таңдауға мүмкіндігі бар. Осылайша, саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушы мен белгілі бір аймақтан сайланған депутат арасындағы байланыс нығаяды. Оның үстіне сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған депутаты кері шақырып алу мүмкіндігіне ие болады, бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың ашықтығы мен азаматтарға қолжетімділігіне оң әсер етуі тиіс, - деді Әмина Үрпекова. 

Сондай-ақ сарапшы жаңа жүйенің нені дамытатынын айтты.

Саяси өмірді жандандыру идеясын жалғастыра отырып, жаңа жүйе елдегі партиялық жүйе мен көппартиялықтың дамуына да серпін бермек. Мысалы, Жаңа Зеландияда аралас жүйе енгізілгеннен кейін этникалық және тілдік азшылықтар мүддесін қорғайтын ұсақ саяси партиялар Парламентте өкілдік алды. Оның үстіне саяси партиялар аймақтық деңгейде де белсенді түрде әрекет етуге мәжбүр болады, өйткені бір мандатты округтердегі сайлау елдің заң шығарушы органында депутаттық орын алуға қосымша мүмкіндік береді. Осылайша, 2023 жылғы парламенттік сайлау саяси партиялар, саяси белсенді азаматтар мен қазақстандық сайлаушылар арасындағы қарым-қатынастың жаңа жүйесін бастайды, - дейді Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы.

Өзгелердің жаңалығы