Сара Назарбаева 80 жаста

12 Ақпан 2021, 10:16
4917
Бөлісу:
Сара Назарбаева 80 жаста
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 12 ақпанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, 28 жыл бойы еліміздің бірінші ханымы болған Сара Алпысқызы 80 жасқа толып отыр.

Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Қыз кезіндегі тегі - Қонақаева.

Оның өміріндегі елеулі өзгерістердің дені Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқаннан кейін басталғаны жасырын емес. Бұл жұптың таныстығы қалай басталғаны жайлы Елбасының өзі былай жазған еді. 

Сол жылдардың өмір бойы есте қалатын бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді,- деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев өзінің естелігінде.

Сара Назарбаева 80 жаста

Тұңғыш Президенттің айтуынша, әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді екен. 

Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді. Тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді,- дейді Елбасы.
Назарбаевтар отбасында алғашқы қуаныш 1963 жылы 7 мамырда тұңғыштары Дариғаның дүниеге келуі. Осы күні Мәжіліс депутат болып отырған Дариға Назарбаева бұл отбасының алғашқы көз қуаныштары. Бүгін өзі де ана әрі әже болып отырған Дариға Нұрсұлтанқызы үшін өмірде үлгі тұтар ең басты адамы анасы.
Менің отбасым - менің сенімді арқа сүйерлерім.  Мен оларды қатты жақсы көремін. Балаларым мен немерелерімді көргенде, ата-анамның дені сау болғанына өзімді бақытты сезінемін.  Мен үшін өмірде ең басты ұстазым әрі ақылшым анам - Сара Алпысқызы. Ол даналық пен әйел затына тән сүйкімділіктің және тазалықтың үлгісі, - деді Дариға Назарбаева «Костанайским новостям» газетіне берген сұхбатында.

Сара Назарбаева 80 жаста

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды.1992 жылы ана мен баланы,  жетім балаларды қамқорлыққа алатын және білім алуына жәрдемдесетін  «Бөбек» қорын ашты. Қазақстанда тұңғыш «SOS Киндердорф» балалар ауылын ашылуына мұрындық болды.

Қоғамдық жұмысы үшін «SOS Киндердорф» халықаралық қорының алтын медалімен, ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және «Құрманжан Датқа» мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған. Софи Лореннің Ресей «Қызыл крест» қоғамы тағайындаған «Алтын жүрек» халықаралық жүлдесін тапсырған.

Дариғадан өзге, тағы екі қызы бар. Екіншісі, осы күні күйеуі Тимур Құлыбавпен Форбстың тізімінде қазақстандық байлар арасында көш бастап тұрған Динара мен кенжесі Әлия. Анасы туралы әсіресе кіші қызы Әлия Назарбаева жиі толғанысын жазып тұрады.

Сара Назарбаева 80 жаста

Мысалы, отбасының бір суретін жүктеп астына былай жазғаны бар.

Қымбаттыларым, қарапайым бірақ ең маңызды шындықты естеріңізде сақтаңыздар: өзгелерге арнаған махаббатыңыз, өзіңізге еселеніп қайтады. Бұл не істесең сол қайтып оралады деген заңдылық. Оны біздің ата-бабаларымыз да айтып кеткен, мен де өзімнің кездесулерім мен дәрістерімде айтудан жалықпаймын. Балаларым мен немерелеріме де айтамын. Ұмытпаңыздар, «не ексең, соны орасың» деген сөз дүние жаратылған кезден бастап бар. Бір-бірлеріңізге махаббат сыйлаңыздар, ол түбі күшейіп өзіңізге қайтып келеді,-деп жазды ол.

Сара Назарбаева 80 жаста

Жақында Сара Назарбаева Адамның үйлесімді дамуы институтын ашатыны белгілі болды. Бұл туралы экс-Мәжіліс депутат Зағипа Балиева айтты.

Үміт үйлері тағдыр тәлкегіне тап болған жас аналарға теңдесіз қолдау болды. Жоба елімізде тастанды бала болмауын мақсат қылып қойды. Бұл үйлерде баланы уақытша қалдыруға болады. Әрі ана сәбиін қалаған кезде көре алады. Ал аяғынан тұрғанда оны алып кетеді. Елімізде осындай үйлер барын көпшілікке жеткізуіміз керек. Әрі бұл жоба тиісті бағасын алса екен, - деді Зағипа Балиева.

Өзгелердің жаңалығы