Атыраудағы элиталы тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. 300-дей пәтері бар бірнеше баспананың қасбеті түсіп, ішіне су кіріп жатыр. Үнемі істен шығатын жеделсатыны қолдану тым қауіпті екенін айтады халық. Ал жоба бойынша ұсынылған кейбір нәрселер мүлдем жоқ екен. Наразы тұрғындар жауапты компанияны сотқа беріпті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Француз кварталы" тұрғын үй кешені Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Қолданысқа 2022 жылы берілген баспананың құрылысына бас-аяғы 11 млрд теңге жұмсалыпты. Қыруар қаржы кетсе де, үйдің қазіргі күйі ондағы тұрғындардың көңілін көншітпейді. Себебі соңына дейін жасалмаған жұмыс көп дейді жұрт. Мәселен жобада көрсетілген үйдің кіреберісіндегі аркасы мүлдем басқа. Ал нысанның қасбеті құлап жатыр. Жаңбыр мен қар жауса қабырғалардан су ағып, үйдің ішіне кіреді екен. Жеделсаты да жиі істен шығады. Тұрғын үйдің аумағында құжат бойынша фонтан да болуы керек екен. Алайда ол да жоқ. Жарнамаға қызыққан халық, бос уәдеге қызығып, мынандай үйге тап болдық деп ашулы. Енді мердігер компанияның осы аталған олқылықтардың орнын толтырғанын қалайды.
-Мен бұл үйге 2023 жылдың қазан айында қоныстандым. Келісімшарт бойынша компания көп нәрсені уәде етіп, бәрі болатынына сендірді. Жарнамасында бәрі де әдемі болды. Бірақ кейін кемшіліктердің бәрі шықты. Көп жерлер үгіле бастады. Жарық пен судың проблемасы бітпейді. Бұл үйді біз бизнес санатындағы, элиталы деп сатып алдық қой. Бірақ ол атына сай емес. Төлеп отырған ақшамыз да аз емес. Сол себепті бағасына сапасы сәйкес келмейді. Кеше подъездге кіргенімізде баланың үстіне кафель құлай жаздады. Бұл өте қауіпті. Осының бәрі реттелсе дейміз,-дейді тұрғындардың бірі Фатима Қаракөз.
Өз бетінше келісімге келе алмайтындарын түсінген тұрғындар құрылысқа жауапты компанияны сотқа беріпті. Бірақ ондағылар кінәні мойындаудың орнына қарсы шағым түсірген.
-Тоқ, су желілері жауаптылардың теңгеріміне әлі өтпеген. Мәселе көп. Шешілмегесін біз сотқа жүгіндік. Бірақ компаниядағылар қарсы шағым түсірді. Сот кезінде Нұрышев деген судья "Сізде проблема болады деді". Мен соны түсінбедім. Бізге тұрғын үй сапасының реттелгені керек. Әкімдіктегілерге де хат жолдадық. Бірақ мардымды жауап жоқ ешқандай. Су тоқтап қалады, жарық өшіп қалады. Элиталы үйде осындай мәселе болса, басқаларынан не сұраймыз сонда,- деп ашынады тұрғын Қайша Тілеуғалиева.
Шу шыққасын "Француз кварталының" алдына жиналған тұрғындармен тілдесуге компания өкілі келді. Жұмысқа кіріскеніме жарты жыл ғана болды деген азамат БАҚ өкілдерінің біраз сұрағына жауап бере алмады. Бірақ сот шешімі шықпай, ештеңе жасамаймыз деген жауабын берді.
.jpeg)
-Бұл мәселе шыққан кезде біз тұрғындармен кездестік, арнайы жиналыс өткіздік. Бірақ бұл тұрғындар медиациялық жолмен шешуге келіспеді. Сол себепті бізді сотқа берді. Енді дәл қазір ешқандай құрылыс жұмыстарын жалғастырмаймыз, ештеңе істемейміз. Сот процесі аяқталғасын ғана, шешімге сәйкес әрекет етеміз. Қанша қаржы сотқа кетті. Жұрт сотқа бермегенде, ол ақшаны осы тұрғын үй кешенінің өзіне жұмсауға болар еді. Желілерге келер болсақ, оның ақшасын бәрін компания өзі төлеп отыр. Тұрғындардың қалтасынан алынып жатқан жоқ. Мәселелердің дені реттелді. Қазір су, жарық бойынша проблема жоқ,- дейді жауапты құрылыс компаниясының өкілі Арман Төкенов.
Наразылық білдірген бұқараның мәселесіне қатысты жергілікті әкімдікке хабарластық. Ондағылар тараптардың тартысына араласпаймыз деп қысқа қайырды. Бәрі сот арқылы шешіледі дейді. Желілердің әкімдік теңгеріміне алынбауы себебін де сол құрылыс компаниясының өкілдері өздері түсіндіретінін жеткізді. Ал ертең осы дауға қатысты тағы бір сот процесі өтеді. Шешімнің әзірге қашан шығатыны белгісіз. Десе де тұрғындар сот өзіміздің пайдамызға шешілгенге дейін тайынбаймыз деп отыр. Себебі бұл баспаналардың шаршы метрін кезінде 400-450 мың теңгеден алған. Пәтердің алғашқы жарнасын аударғанымен, қалған қыруар қаржыны несиеге рәсімдепті. Оны жылдар бойы, кейбірі тіпті 20 жыл төлейтін болғасын, тұрғын үй сапасы бағаға сай болуы керектігін айтады. Айта кетсек, авангард ықшам ауданында орналасқан "Француз кварталында" 300-ге жуық пәтер бар. Ең кіші үйлер 60 шаршы метрден басталып, 260 шаршы метрге дейін барады. Онда өңірдегі ірі компаниялардың өкілдерінен бөлек, қарапайым тұрғындар да қоныстанған.