Сапарбаев: Табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру қажет

9 Қазан 2020, 15:52
1313
Бөлісу:
Сапарбаев: Табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Минералды шикізатты дұрыс игеру ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және Қазақстанның әлемдік деңгейде позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта мемлекет жер қойнауын пайдалану секторын дамытудағы рөлін күшейтуде. 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдық жер қойнауын пайдаланушылармен кездесіп, өңірдің минералды-шикізат базасының мүмкіндіктері мен перспективалары сараланды.

Шараға онлайн режимінде қатысқан Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Руслан Баймишев, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев өз ойларын ортаға салды.

Руслан Баймишев бұл кездесу өзекті мәселелерді анықтауға және оларды шешу жолдарын табуға ықпал ететінін жеткізді.

Мемлекет кәсіпорындарға қажетті қолдауларды көрсетуде. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия жер қойнауын пайдаланушыларға коронавирус пандемиясы салдарынан биыл орындалмаған міндеттемелерін ауыстыру мүмкіндігін беру туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл объективті себептері бар, сенімді жер қойнауын пайдаланушыларға ғана қатысты. Жосықсыз кәсіпорындарға қатысты келісімшарттар бұзылғанға дейін шаралар қабылданатын болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеңілдетілген тәртіппен Жамбыл облысында пайдалы қазбаларды барлауға 60 лицензия берілгендігін атап өткім келеді. Кәсіпорындардың өз міндеттемелерін уақтылы орындауы үшін мониторинг жүргізу қажет. Министрлік осы мақсатта космомониторинг жүргізуге ниетті, - деді Руслан Баймишев.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев өңірдің жер қойнауын пайдалану және минералдық-шикізат базасының жай-күйін тілгет тиек етті. Облыстағы фосфориттер қоры жалпы республикалық көлемнің 72 пайызын, дала шпаты – 80,6 пайызын, алтын – 8,2, мыс – үш пайызын, уран – 0,7, көмір – 21,1, қорғасын – 15,4, мырыш – 3,4, гипс – 25,8 пайызын құрайды.

2020 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша өңірде 320 жер қойнауын пайдалану объектісі тіркелген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 63,2 миллиард теңгені құраса, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 5,6 миллиардқа артық.

Облыс әкімі жер қойнауын пайдаланушылардының келісімшарт талаптарын орындау қажеттігіне назар аударды.

Жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелеріне сәйкес олар өңірді дамуына аударымдар мен салымдар жүргізеді. 2019 жылы мамандарды даярлауға және қайта даярлауға 207 миллион теңге бөлінген. Ал, салық түсімдері 11,6 миллиард теңгені, әлеуметтік сала және жергілікті инфрақұрылымға 919,8 миллион теңгені құраған. 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 117,8 миллион теңге болған, - деді Алмас Мәдиев.

Сонымен бірге 2019 жылы бірқатар жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт талаптарын орындамаған. Осы компанияларға қатысты шаралар қабылдау туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хат жолданды.

2019 жылы шарттық міндеттемелерді орындамаған жер қойнауын пайдаланушыларға 79 хабарлама жолданды. Нәтижесінде 5 келісім шарт, 2018 жылы 5 келісім шарт бұзылды. 2020 жылдың 9 айында бұзушылықтарды жою бойынша  59 хабарлама жолданып, екі келісім шарттың күші мерзімінен бұрын жойылды, -  деді Мәдиев.

Кадр мәселесіне ерекше назар аударылуда. Мәселен, 2019-2020 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар 50 аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттермен білім беру бойынша шартқа отырып, оқу ақысын төлеген.

Келісім шарт міндеттемелерін орындауда немқұрайлылық танытқан жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс жүргізу қажет, - деді облыс әкімі.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі – жергілікті жер қойнауын пайдаланушылардың өңірден тыс жерде тіркелуі болып отыр. Қатты, көмірсутекті пайдалы қазбаларға, жер асты газ қоймасына жасалған 50 келісім шарттың тек сегізі  ғана  облыста тіркеуде тұр. Сондай-ақ 9  жер  қойнауын пайдаланушы өздерінің филиалдарын облысқа тіркеген. Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 
Барлық кәсіпорындар біздің облыста тіркелуі қажет. Олар өңірдің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуы тиіс, - деді облыс әкімі.
Ірі кәсіпорындар жергілікті жердегі  шағын және орта бизнесті қолдауға және олардың өндірген өнімдерін пайдалануға шақырды.
Біздің еліміз өз жер қойнауының байлығы мен алуан түрлілігінің арқасында шикізатқа бай державалардың қатарында көш басында келеді. Табиғат байлығымен Жамбыл облысы да мақтана алады.  Өңірдің әлеуеті толық игерілуі  тиіс.  Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бұл байлықты ақылмен пайдалану қажет, - деп қорытындылады облыс әкімі.

Айта кетейік, кездесу «Қазфосфат» ЖШС базасында өтті.  Серіктестіктің  бас директоры Мұқаш Ескендіров облыс әкіміне зауыт жұмысы туралы баяндап, минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына 500 мың тоннаға жеткізу үшін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы туралы мәлімдеді.



Өзгелердің жаңалығы