Сапарбаев: Есірткінің әсіресе жастар арасында таралуы – біздің ортақ қасіретіміз

7 Мамыр 2020, 21:01
1729
Бөлісу:
Сапарбаев: Есірткінің әсіресе жастар арасында таралуы – біздің ортақ қасіретіміз
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үйлестіру кеңесінің отырысында Жамбыл облысындағы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жерді тиімді пайдалануға және игерусіз жатқан жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайтаруға ерекше назар аударып келеді. 

Дәл осы жер мәселесі мен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімділігі облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезектен тыс отырысы барысында жан-жақты сараланды. 

Алғаш рет көшпелі форматта Меркі ауданы әкімдігінде өткен кеңеске аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров төрағалық етті. Сондай-ақ, оған облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, ҰҚК департаментінің басшысы Марат Ирменов және полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов қатысты. 

Отырыс барысында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың пайдаланусыз жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару бойынша жұмысы сын көтермейтіндігі атап өтілді. 

Облыстық прокуратура органдарымен кадастрлық құны 3,7 млрд теңге, ауданы 350 мың гектар болатын пайдаланылмай жатқан 2 мыңнан астам жер телімдері анықталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде көлемі 210 мың гектарды, кадастрлық құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 1000-нан астам жер телімдерін игеру қамтамасыз етілген. Игерілмеген жер аумақтарының тізілімі құрылып, 383 жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабына сәйкес жер учаскелерін пайдалану туралы нұсқамалар таратылған. 

Пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару бойынша барлық іс-шара және басқа да мәселе тек заңнамалық негізде шешілуі тиіс. Жер инспекциясының басты міндеті - жердің тиімді пайдаланылуын бақылау. Олардың жұмысы осыған сәйкес бағаланатын болады, - деді облыс әкімі.   

Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін беруде бірқатар мәселелер бар. Малы жоқтардың жайылымдық жерлерді жалға алуы да кездеседі. Нұрғалым Әбдіров атап өткендей, шаруа қожалықтарының 55 пайызы өз малдарын тіркеуден өткізбеген. Осы орайда асты сызылып аталатын Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарының әкімдерінен бейнебайланыс арқылы жауаптар алынды. 

Қордай ауылдарындағы барлық ғимаратты ретке келтіру керек. Сондықтан құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс жасаңыз, - деді аймақ басшысы Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетке.   

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылай келе, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров есірткі бизнесі қоғамның дамуына едәуір кері әсерін тигізіп, қылмыс пен зорлық-зомбылықтың өсуіне ықпал ететінін атап өтті. Есірткіге тәуелділердің саны жыл сайын көбеюде десек, ағымдағы жылы оның 5,3 пайызға артқаны соның дәлелі. 

Жабайы сораның ауқымды аумақта өсуі, есірткі құралдарының контрабандасы мен транзиті аса өзекті болып отыр. Бұл күрес жұмыстарын күшейтуді талап ететіндігін айтпасақ та түсінікті. 

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков екі эксперименттік алқапта сораға қарсы жаңа улы химикаттарды сынап жатқандықтарын жеткізді. Алайда, кең көлемде пайдалану үшін оның адамдар мен малға зиянсыздығы туралы экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы қажет. 

Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков бұл орайда жер жыртудың тиімсіздігін слайдттар арқылы көрсетіп, қопсытылған аумақта құрамында есірткі бар шөптер тіпті қаулап өсе түсетінін тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, жиын барысында бұл бағыттағы өзге де көптеген мәселе мен кемшілік талқыланып, үйлесімді шаралар мен тиімді өзара іс-қимылдардың маңыздылығы көңіл бөлінді. Жұмысты жүйелей түсу үшін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік бағдарлама қабылданатын болды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша құқық қорғау және арнайы органдар, сондай-ақ басқа да мүдделі орындар арасында бірлескен шаралар әзірленбек. 

Жағдайды түзету үшін облыс прокуроры құқық қорғау және арнайы органдарға қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі жұмысты ұйымдастыру барысын қайта қарауды тапсырды. Ал жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныс жолданды. 

Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінде әкімдіктер қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, өз ойларын мен ұсыныстарын ортаға салуы керек. Әзірге уақыт бар кезде, жердің әрбір шоғырын пайдалана отырып, егіс жұмыстарын жалғастыру керек. "Көктемнің бір күні – жылға азық". Біз осыны ұмытпағанымыз абзал. Игерусіз жатқан жерді қайтару, "қызыл сызық" нормаларын бұзу фактілерін анықтау және оларды жою, жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік желілерді тартуға қамқорлық танытудың аса маңызды екенін ұмытпаңыздар. Жайылымды пайдалануға берер алдында шаруашылықтың малы бар екеніне көз жеткізіп, белгіленген стандартқа сәйкес ауданды анықтау қажет, - деді Сапарбаев.  
WhatsApp Image 2020-05-07 at 15.54.44.jpeg

Аймақ әкімі есірткі бизнесі туралы айтып өтті.

Есірткі бизнесіне қарсы күресте жауапты құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуі әлі де кемшін соғуда. Есірткінің әсіресе жастар арасында таралуы – біздің ортақ қасіретіміз, сондықтан оны бірге жеңуге міндеттіміз. Мен атты патрульдер санын арттыруды қолдаймын, "Көкнәр 2020" операциясы жоғары деңгейде өтуі керек. Есірткі дайындауға және таратуға қатаң тосқауыл қою қажет. Қырғыз Республикасымен шекарадағы бақылау-өткізу пункттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту талап етіледі, - деп қорытындылады облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 


Өзгелердің жаңалығы