ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен әуе компаниялары арасындағы инвестициялық келісім негізінде тозығы жеткен әуе техникасы жаңартылып жатыр. Бүгін жаңа ұшақ бірінші рет ұшып, Кореяға жол тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Кореяға жаңа ұшақпен ұшып, үш жарым жасар Қазақстан азаматын алып келуді жоспарлап отырмыз. Жылына 2 мыңнан астам Қазақстан науқастарын тікұшақпен, ұшақпен Астанаға, Алматыға шұғыл түрде жеткізіп, өмірлерін сақтап қалу жұмыстары енді бір жүйеге келді, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Төтенше медицина жөніндегі Ұлттық үйлестіру орталығының медициналық авиациясының мобильді бригадасы – дәрігер мен фельдшерден құралған топ – "Alaman Air" әуе компаниясына тиесілі жаңа Bombardier Challenger CL-600-2B19 ұшағымен ұшып шықты.
Бригада туабітті жүрек ақауы диагнозы қойылған баланы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан Алматыға жеткізуі тиіс. Бала әрі қарай емін Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығында жалғастырады. Жаңа турбореактивті арнайы ұшақ ауыр халдегі науқастарды алып жүруге арналған екі медициналық модульмен жабдықталған.
Заманауи ұшақ еліміз бойынша өңіраралық, сондай-ақ шетелдік клиникалардан ҚР азаматтарын тасымалдауға арналған халықаралық рейстерді кедергісіз орындауға мүмкіндік береді.