Санаққа әр азаматтың қатысуы маңызды – Мамин

24 Тамыз 2021, 10:22
2672
Бөлісу:
Санаққа әр азаматтың қатысуы  маңызды – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білесіздер, мұның алдындағы санақ 2009 жылы өткен. Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, - деді Мамин.

Оның айтуынша, санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіштер алынады.

Сондықтан еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр. Бұл мәлеметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы санақ өткізілетін уақытта 32 мың адам жұмысқа орналастырылады, - деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жұмысты дұрыс жолға қойған.

Ал Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің жұмыс қарқыны жеткіліксіз. Өңірлердің әкімдері халық санағына дайындық барысын жеке бақылауға алсын, - деді ол.

Мамин санаққа қатысты бірқатар тапсырма берді.

Өңірлердің әкімдері мен Ұлттық статистика бюросы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге қысқа мерзімде міндетті вакцинациялаудан өткен жұмыскерлердің қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етсін, - деді ол.

Сондай-ақ Премьер-министр өңірлердің әкімдері, Ұлттық статистика бюросы және Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселені пысықтау керегін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ұлттық статистика бюросы және әкімдіктермен бірге халық арасында ұлттық санақтың жүргізілу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтсін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы