Санақ: Алғашқы кезеңдегі қателіктерді қайталамауымыз керек – департамент басшысы

22 Шілде 2021, 09:50
1849
Бөлісу:
Санақ: Алғашқы кезеңдегі қателіктерді қайталамауымыз керек – департамент басшысы

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында ұлттық халық санағының бірінші кезеңі аяқталды. 1-30 маусым аралығында тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жинақталған деректер өңделіп жатыр.

Бұл туралы өңірдегі статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, алғашқы кезеңнің қорытындысына сәйкес, алдын-ала халық саны 1 120 293 адамды құраған. Бұл ағымдағы халық санынан 23 978 адамға кемігендігін аңғартады.

Алдымызда ұлттық халық санағының негізгі, яғни екінші кезеңі болады. Ол екі әдіспен ұйымдастырылмақ. Оның алғашқысы – интернет-сауалнама. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жүргізіледі. Келесісі – жалпылама сауалнама – 1-30 қазан аралығында өтеді. Ал аймақта бір сұхбат алушыға шамамен 833 адамнан келеді, - деген ол биылғы ұлттық санақты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, өңірде бірқатар шаруаларды өткізу көзделгенін жеткізді.

Мәселен, халық арасында тұрғындардың ұлттық санағын өткізу мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Аудандар және Тараз қаласының әкімдері 20 тамызға дейін бекітілген эскиздер бойынша баннерлерді дайындап, әр елді мекенге, Тараз қаласына кем дегенде 15 данадан орналастыруы керек. Облыс орталығындағы LED экрандарда халық санағының екінші кезеңі туралы бейнероликтерді транцляциялау міндеті де тұр. Бұл шара 30 қазанға дейін жалғасуы тиіс. Жауапты маманның сөзіне қарағанда, А-1, А-2, А-4 ақпараттық парақтарын дайындау да аса маңызды. Оны адамдар көп жүретін қоғамдық орындарға – теміржол вокзалдары, автовокзалдарға, әуежайға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, басқа да мемлекеттік мекемлер, кәсіпорындар және ұйымдарға, емханалар мен ауруханаларға, мектептер, балабақшалар, жоғарғы оқу орындары, колледждерге, автобустардың ішіне, сауда объектілеріне, көп қабатты үйдің әр кіреберісіне және жеке секторда әрбір 20 үй сайын ілу керек.

Коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған түбіртектерде халық санағының екінші кезеңі туралы ақпараттар болғаны абзал. Тараз қаласындағы автобустарға да сыртқы жарнама орналастыру қажет. Радио арқылы хабарлау көп тұрғынды құлағдар етеді. Газеттерде мақалалар жариялау, әлеуметтік желілерде, теледидарда жарнама орналастыру істерін ұмытпаған жөн. Дауыс зорайтқышы бар автокөлікпен хабардар ету де жоспарға енген, - деді Сырым Өскенбайұлы.

Ол санақ мамандарын іріктеуге, оқытуға және жинақтауға статистика органдарына көмек керек екенін жасырмады. Аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Жас Отан» Жастар қанатының аймақтағы филиалы санақ персоналын тамыз айынан бастап жинақтап бастаулары қажет. Өйткені, екінші кезеңдегі халық санағы персоналдарының саны шамамен 1 600 адамды құрауы тиіс. Ал екінші кезеңнің басталуына аз уақыт қалды.

Халық санағының бірінші кезеңіндегі тәжірибе көрсеткендей, жұмыспен қамту орталығынан компьютерлік бағдарламаларды білмейтін, планшеттерде жұмыс істей алмайтын мамандар жіберілген. Бұл жұмыс үшін дербес компьютермен жұмыс істей алатын мамандар керек. Тиісінше, бұлар жастар, яғни студенттер, оқытушылар және осы санаттағылар болғаны жөн. Сонымен қатар, барлық санақ персоналы вакцинациядан өтуі міндеттеледі. Бұл туралы 2021 жылғы ұлттық халық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерін шешу жөніндегі арнайы комиссияның соңғы отырысында төраға Әлихан Смайлов айтты, - деді департамент басшысы.

Оның сөзінше, аудан, қала әкімдері екінші кезеңдегі халық санағы персоналдарын әкімдіктердің ғимараттарындағы жиһазбен, мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылған компьютермен жабдықталған бөлмелермен, кем дегенде 1024 кбит/с өткізу қабілеттілігі бар ғаламтормен қамтамасыз етуі тиіс. Тараз қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы екінші кезеңінің санақ персоналдарын Статистика департаменті белгілеген мектептерде интернетке қол жетімділіктің бірыңғай шлюзіне қосылған және алаңы 25-30 шаршы метрден кем емес сыныптармен қамтығаны жөн. Сонымен қатар арнайы компьютерлері болуы керек.

Бірінші кезеңнің тәжірибесі Beeline ұялы байланысының барлық елді мекендерді қамтымағанын көрсетті. 1 қазанға дейін бұл байланыс түрінің провайдерлерімен елді мекендердің барлығын қамтуды пысықтау қажет. Мысалы, Жуалы ауданының 20 елді мекеніне, Қордай ауданының 14 елді мекеніне, Т.Рысқұлов ауданының 11 елді мекеніне Beeline желісі жетпеген. Сондай-ақ келесі кезеңде интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де маңызы жоғары. Аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, жергілікті полиция департаменті интервьюерлердің қауіпсіздігін назарға алып, елді мекендер аумағында бекітілген полиция қызметкерлерінің тізімін жеке ұялы телефондарын қоса ұсына отырып әзірлеуі тиіс, - деп атап өтті жауапты маман.

Сырым Мәдиев екінші кезеңдегі ұлттық халық санағын дайындау және өткізу жөніндегі нұсқаушылардың, нұсқаушы-бақылаушылардың, интервьюерлердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Олар 25 қыркүйек пен 10 қараша аралығында Статистика департаментінің куәлігімен қоғамдық көліктерде тегін жүруі керек. Сонымен бірге ол Тараз қаласындағы автобус жүргізушілерінің санақтың бірінші кезеңінде көрсеткен оғаш мінез-құлықтарын еске салды. Ақысыз жүру кезіндегі даулы мәселелерді жедел шешу үшін Байланыс орталығының немесе жауапты мамандардың телефон нөмірін анықтап алған дұрыс.

Республикалық және жергілікті бағыныстағы барлық мемлекеттік органдар басшылары және ірі кәсіпорындар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала мекемелері басшылары биылғы 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің онлайн-режимде халық санағынан өтуін жеке бақылауларына алғаны жөн. Сондай-ақ халықты вакцинациялау кезіндегі сияқты апта сайын ақпарат әзірленуі керек, - деді Сырым Өскенбайұлы.

Жамбыл облысындағы тағы бір өзекті мәселе, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші мен мекен-жай тіркелімі арасындағы сәйкессіздік шешілмеген көрінеді. Айталық, өңірдегі Қайыңды ауылдық округі Мамай-Қайыңды деп те аталады. Сол секілді, Тоғызкент ауылдық округінің атауы құжатта Үшарал деп те тіркелген. Әбіллда деген атауы да бар. Түркістан ауылының байырғы Буденное атауы әлі де кездеседі кейбір құжаттарда. Арыстанды деп те аталады. Шәкіров ауылдық округінің Амангелді, Тамабек деген атаулары бар. Қаратау ауылдық округі Есей би, кейде Есей хан деп тіркелген. А

Аудандастыру автоматтандырылған жұмыс орнында есептік учаскелерге бөлу ағымдағы жылдың 5 тамызынан басталады. Осыған байланысты Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарының әкімдері жоғарыда аталған елді мекендердің атауларын сәйкестендіруді 1 тамызға дейін аяқтаулары қажет, - деген департамент басшысы ұлттық халақы санағы логотипіндегі шаңырақ астындағы халық бірлік пен отбасы құндылықтарын білдіретіндігін мәлімдеді. 

Қолдары көкке көтерілген адамдар бейнесі іс-шараның ашықтығын, қауіпсіздігі мен маңыздылығын нақтылайды екен.


Өзгелердің жаңалығы