Санақ-2021: Ыңғайсыз сұрақтарға қатысты түсініктеме берілді

10 Қыркүйек 2021, 17:37
2105
Бөлісу:
Санақ-2021: Ыңғайсыз сұрақтарға қатысты түсініктеме берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов журналистерге берген сұхбатында санақ кезінде ыңғайсыз сұрақтар неліктен кездесіп жатқаны туралы айтты.

Халық тарапынан наразылық тудырған сұрақтар бар. Оны жасырмаймыз, білеміз. Біріншіден, 2009 жылғы санақ кезіндегі сұрақтарды негізге алдық. Соны толықтырдық. Одан бөлек, сұрақтар статистика жөніндегі халықаралық ұйымдарының арнайы талаптарына сәйкес толықтырылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан қандай қажетті сұрақтар бар, сонымен де толықтырылды, - деді Айдапкелов.

Айтуынша, бұл сұрақтар 2018 жылы өткізілген пилоттық санақ, яғни санаққа дайындық кезінде де болған.

Осы пилоттық санақта сауалнама жүргізу арқылы сұрақтарды жіктеп, електен өткіздік. Нәтижесінде 113 мың адам аталған сұрақтарға жауап берді. Құжатты заңдастыру кезінде наразылық тумағаннан кейін 10 күн бойы Ашық НПА платформасына енгіздік. Оған азаматтар тарапынан ұсыныс болмады. Кейін құжат мемлекеттік органдармен келісіліп, тіркелді, - деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Ол халық ыңғайсыз сұрақтар кездесіп жатқаны туралы айтып жатқанын жасырмады.

Ыңғайсыз сұрақ әйел азаматтардың тірі туған баласы туралы. Бірақ бұл сұрақ бізге қажетті ақпаратты береді. Мысалы, журналистерге нәресте, бала өлімі туралы сұрақтардың жауабы керек. Біз оны қайдан аламыз? Осы сұрақтардың көрсеткішін шығарамыз. Сол үшін бұл сұрақ керек. Сонымен қатар үйдің қандай материалдан соғылғаны туралы сұрақтар да болды. Бұл «Халық санағы және тұрғын үй қоры санағы» деп аталады. Яғни тұрғын үйдің де жағдайы туралы ақпарат алынады. Бұл сұрақтың барлығы 2009 жылы болған, қазір қайталанып отыр, - дейді Нұрболат Айдапкелов.

Санақ арқылы тұрғын үй жағдайын, халықтың жалпы сипаттамасын шығару міндеті тұрғанын атап өтті.

Азамат қандай жағдайда тұрып жатыр, денсаулығы, білімі туралы ауқымды ақпаратты алу үшін осындай сұрақтар қойылады. Үкімет осы жинақталған ақпараттың арқасында өзінің саясатын дұрыс жолға немесе өзгеріс енгізуге пайдаланады. Мұның бәрі сол үшін жасалынып жатыр, - деп толықтырды ол өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы