«Самұрық-Қазына» корпоративтік қор құрады

26 Қараша 2021, 15:51
1009
Бөлісу:
«Самұрық-Қазына» корпоративтік қор құрады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» АҚ ғылыми ізденіс пен тәжірибелік конструкторлық жұмыстар үшін Корпоративтік қор құруды көздеп отыр. Оған Қордың компаниялар тобындағы жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру шығындарының 1% жинақталады деп жоспарлануда. 

Бұл бастама «Самұрық-Қазына» АҚ 2022-2031 ж.ж. арналған Даму стратегиясында айқындалды. Құжат Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қорды басқару Кеңесінің отырысында бекітілді.

«Самұрық-Қазына» АҚ стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Дұрмағамбетов атап өткеніндей, Қор ғылыми қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтып, компаниялардың технологиялық жаңартылуын және инновациялардың енгізілуін қамтамасыз ететін тиімді әрі тұрақты механизмді іске асырмақ. Ол үшін «Самұрық-Қазынада» ғылыми-техникалық бастамалар Орталығы құрылып, Ғылыми-техникалық кеңес жұмыс істейді.  

Қазіргі таңда Қор портфелінде 483 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Тағы 212-сі іске қосылуға дайындық үстінде.

2022 жылы «Самұрық-Қазына» тобы портфельдік компанияларының еншілес кәсіпорындарында кемінде 10 жаңа жобаны сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Олардың саны жыл сайын ұлғайып отырады: 2023 жылы – 20 жоба, 2024 жылы – 30 жоба, 2025 жылы – 40 және 2026 жылдан бастап 50 жаңа жобадан сыналмақ.

Өндірістік мүмкіндіктерімізді ескере отырып, ғылыми-зерттеу жобалары лабораториядан тікелей зауыт-фабрикаларға сынақтан өткізілуге жіберіледі. «Самұрық-Қазына» Қоры мен мемлекетіміздің ұтатыны – осының арқасында өнімділік артып, табыс көбейеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, - деді Ерлан Дұрмағамбетов. 

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» ғылыми ізденіс пен тәжірибелік конструкторлық жұмыстар мен инновациялар үшін сарапшылардың кадрлық резервін қалыптастыру шараларын қолға алған. Бұл бағытта міндетті бағдарламалар әзірленіп жатыр. Қордың ғылыми-техникалық бастамалар Орталығы зияткерлік меншік портфелін қалыптастырып, білім мен ресурстарды кәдеге жарату үшін жауапты болады.


 

 

Өзгелердің жаңалығы