"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы өңірлерді аралауға шықты

1 Мамыр 2024, 18:34
413
Бөлісу:
"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы өңірлерді аралауға шықты
Фото: gov.kz

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы бүгін Астанадан 147 шалғай ауыл тұрғындарына тегін амбулаториялық көмек көрсету үшін жолға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы жылы «Дөңгелектегі емхана» өз жұмысын су тасқынынан зардап шеккен батыс өңірлерден бастайды және 90 мың ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтуға бағытталған.

Жобаның арқасында станциялардың және оған іргелес елді мекендердің көптеген тұрғындары білікті дәрігерлерден консультация алып, қандай да бір ауруларға тексеріле алады. Биыл алғаш рет маммограф сатып алынды, оның қызметтері де халыққа қолжетімді болады. Пойыз жұмысына 14 арнайы маман қатысады. Осылайша, пойыз қызметінің арқасында адамға тиімді көмек көрсетуге болатын патологияны ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып келеді, - деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медициналық пойызды шығарып салу рәсімінде.

Дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог медициналық көмек көрсетеді.

Консультациялық-диагностикалық көмектен басқа, медициналық пойыз мамандары шағын операциялар жүргізе алады, стационарларға жоспарлы емделуге жолдама бере алады.

Медпойыздың қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің болмауын ескере отырып, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдар өтініштерінің негізінде әзірленді.

Медициналық бригада дәрігерлері ауыл тұрғындарына медициналық-санитариялық алғашқы және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді, әрбір станцияда орта есеппен 1-2 күн болады.

Саламатты Қазақстан» пойызы - бірегей жоба. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жобаға жан-жақты қолдау көрсетуі маңызды. Медициналық консультациялар мен диагностика жүргізуден басқа, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медиациялық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі, дауларды шешу, өтініштерді қабылдау, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдануда, - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

2010 жылдан бастап «Медициналық пойыздар» жобасы еліміздің барлық өңірлерінде 1991 станцияға барды, 658 407 адам, оның ішінде 142 660 бала зерттеліп-қаралды. Дәрігерлердің қарап-тексерулерінің саны шамамен 3,5 млн, 29 мыңға жуық шағын амбулаториялық операция жасалды, 169 мың тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі кезінде іске асырылады.

Өзгелердің жаңалығы