Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықтың әлеуметтік теңдікке деген ұмтылысын экстремистік, бұзақы топтар пайдаланып кетті.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Өткен 5 күн еліміздің мемлекеттілігі үшін нағыз сын болды! Еліміздің көптеген облысында азаматтардың қатысуымен еліміздегі баға, халықтың әлеуметтік жағдайға қатысты стихиялық митингілер өтті. Өкінішке қарай, халықтың әлеуметтік теңдікке деген ұмтылысын экстремистік, бұзақы топтар пайдаланып кетті. Қазақстан террористік шабуылға ұшырады! Еліміздің тағдыры бір мезет қыл үстінде тұрды. Алматы қаласында нағыз террористтердің тобыры іс-әрекет жасағаны белгілі болып отыр. Шетелден келген топтар бұзақылардың негізгі күші болған. Басқа да қалаларда осы тобырлар әлі іс-әрекет жасап жатыр деген күдік бар. Тек қана Алматыда 13 полиция өкілдері, біздің бауырларымыз қаза тапты, жараланғандардың саны 300-ден асады, - деп жазады ол.
Белгілі саясаттанушы өзінің жазбасында елімізде орын алған жағдайларға тоқталып, мәселені шешу жолдары туралы пікірін білдірді.
Ел аман, жұрт тынышта өзіміздің азаматтардан айырылдық. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шымкент, Семей қалаларында әкімшілік, бизнес ғимараттарына миллиардтаған теңгеге шығын келді. Осы қалалардағы біздің ағайын бірнеше күн осы содырлардың арқасында қаншама қайғыға ұшырады?!
Қазір біртіндеп барлық қалада ғимараттарды қалпына келтіру, көшелерді тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттарға келтірілген зиянды есептеу, халыққа қажетті товарлардың бағасын реттеу мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берді. Еліміздегі Төтенше жағдай жағдай реттеліп, тұрақтылықтолық орнағанша жалғасқаны дұрыс. Енді барлығымызға осындай сорақы, анайы жағдайдың қайталанбауы үшін жұмыс істеу керек. Әлеуметтік әділеттілік, Ұлттық қауіпсіздік, азаматтар мен мемлекеттің арасындағы ашық диалог мәселесіне көңіл бөлу қажет. Ең бастысы, бір нәрсені түсіну қажет, заң және тәртіп қоғамдық дамудың ең басты қажеттілігі! Заң мен тәртіпке бағынуды үйрену - мемлекеттілікті сақтаудың негізгі аспектісі, - деді Ерлан Саиров.