Сағынтаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президентімен кездесті

31 Қаңтар 2019, 19:24
2706
Бөлісу:
Сағынтаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президентімен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында елімізде және әлемде паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту мәселелері, сондай-ақ Қазақстанда биыл Аstana-2019 пара пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионатын өткізуге қатысты мәселелер талқыланды. Осы халықаралық деңгейдегі ауқымды әлеуметті спорт жобасы Қазақстанда пара пауэрлифтинг түрлерінің дамуына жаңа серпін беретіндігі атап өтілді.

Пауэрлифтингке жарыстық тәртіп ретінде үш жаттығу кіреді: жауырынның үстіңгі бөлігіне зілтемір қойып отырып тұру, көлденең орындықта жатып зілтемір көтеру, зілтемір тарту — бұлар тұтас алғанда спортшының біліктілігін анықтайды. Пара пауэрлифтинг — бұл мүмкіндіктері шектеулі жандар арасындағы жарыс.

2018 жылғы 4 шілдеде Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Қараөткел шағын ауданында орналасқан Қазақстандағы алғашқы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы ашылды. Аталған Орталық жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама командалар мен спорт резервтерін сапалы әрі кәсіби даярлауға арналған.

12–20 шілде аралығында Астанада өтетін Пара пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионаты — Токио-2020 паралимпиада ойындары алдындағы ақтық лицензиялық жарыс. Жарыстарға әлемнің 90 елінен 400 спортшы қатысады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Халықаралық паралимпиадалық комитет қазақстандық спортшыларды қолдайтыны туралы жазған болатынбыз.


Өзгелердің жаңалығы