КВИ жағдайлары 1,5 есеге артқан. Сағынтаев шұғыл кеңес өткізді

30 Шілде 2021, 16:03
3619
Бөлісу:
КВИ жағдайлары 1,5 есеге артқан. Сағынтаев шұғыл кеңес өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясына қатысты кеңес өтті.

Отырыс барысында СOVID-19-дың жаңа толқынының алдын алу мен таралу мәселелері талқыға түсті.

Айта кететін жайт, өткен кезеңмен салыстырғанда індет жұқтыру жағдайларын тіркеу 1,5 есеге артқан. Яғни 5901-ден 9077 жағдайға дейін ұлғайды. Күнделікті өсім 1,7%-ды құрап отыр. 23 шілдеден бастап коронавирус инфекциясының тәуліктік тіркелуі 1 мың жағдайдан асқан. Шілде айында бұл 22 498 жағдайды құрады, - делінген хабарламада.

Алматыда COVID-19 төртінші толқынының шырқау шегі тамыздың ортасына күтілуде. Ал қыркүйектің басында төмендеуі мүмкін. Соңғы 7 күн ішінде симптомды науқастардың үлес салмағы артуда әрі 90,7%-ды құрайды.

Бұл COVID-19 қоздырғыштарының арасында «дельта» нұсқасының басымдығын көрсетеді. Қаланың СЭБД-нің басшысына еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Мегаполисте коронавирус инфекциясының таралу қарқынын болдырмау үшін карантиндік шараларды күшейту қажет. Алматы әкімі коммуналдық кәсіпорындар мен бизнес-қауымдастықтар ұжымдарын вакциналауды күшейтуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы