Сағынтаев Алатау ауданының белсенді тұрғындарымен кездесті

24 Желтоқсан 2020, 09:31
1591
Бөлісу:
Сағынтаев Алатау ауданының белсенді тұрғындарымен кездесті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде «Іскер ана» жобасын жүзеге асыру және «Зерделі» ықшам ауданындағы проблемалық мәселелерді шешу үшін Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.

Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік қолдау орталығының базасында жүзеге асырылған «Іскер ана» жобасына қатысушы көпбалалы аналармен кездесу барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев іскер әйелдердің жетістіктеріне қызығушылық білдірді.

Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова биыл 25 мыңға жуық әйелдің түрлі шеберлік курстарында білім алғандарын айтты. Қазірдің өзінде олардың көпшілігі табысты іскер әйелге айналды.

Күрделі жағдайларға тап болған көптеген әйелдің өмірі біздің көз алдымызда өзгеруде. Қиындықтарға қарамастан, олар өз күштеріне сенеді әрі жаңа істерді игеруге уақыт та табады, - деді Басирова. 

Қала әкімі «Іскер ана» бағдарламасының көпбалалы аналарды қолдауға бағытталғанын еске салды. Олар «Бақытты отбасы» аудандық орталықтарының базасында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренеді. Көпбалалы отбасылардан шыққан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Олардың 557-сі өздерінің жеке кәсіптерін ашты. Тағы 203 көпбалалы ана 5 миллион теңгеге дейін грант алды, оның жалпы сомасы 406 млн теңге.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биыл гранттардың жалпы сомасы 200%-ға ұлғайып, 700 млн теңгені құрады.

Бағдарлама сұранысқа ие және нақты нәтижелерді көрсетуде. Сіздермен кездескеннен кейін мен бұған тағы да көз жеткіздім. Әкімдік көпбалалы аналар арасында кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырады. Жеңілдетілген жалға берілетін үй-жайларды, мысалы, шағын өндірістік парктерде орындарды алуға көмектесеміз. Бұлардан өзге, гранттарға бөлінетін соманы ұлғайту мүмкіндігін қарастырамыз, - деді Сағынтаев. 

«Зерделі» ықшам ауданының тұрғындарымен әңгіме барысында қала әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Соның бірі — «кірістіру» деп аталатын жоспарланған құрылыс, яғни тұрғын үйлерге іргелес жатқан учаскелерде құрылыс жүргізу.

Ықшам ауданның белсенді тұрғындарының бірі Дана Рахимова тұрғындардың «кірістіру» құрылыстарынан қауіптенетінін айтты. Оның бұл сөзіне Алматы әкімі өзінің тапсырмасы бойынша Жер қатынастары басқармасының осындай жеті учаскені мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарап жатқанын жеткізді.

Бұл учаскелер іргелес салынған үйлер тұрғындарының тілектеріне сай абаттандырылуы тиіс. Мүмкін мұнда ойын, спорт немесе балалар алаңдары қажет шығар, — деп атап өтті Сағынтаев. 

Әңгіме барысында Алматы әкімі Алатау ауданын дамытуға ерекше назар аударылатынын, оның орталықтандыру қағидаты бойынша жүзеге асырылатынын айтып берді.

Өзгелердің жаңалығы