Сағындықова балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады

27 Желтоқсан 2022, 16:46
804
Бөлісу:
Сағындықова балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады
PHOTO

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова  Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Балалар жылы аясында балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Cөз басында Назгүл Сағындықова ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрінен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдердің 2 түрінен тұратынын хабарлады. Бұл төлемдердің барлығы отбасының табысына қарамастан жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні балалары бар 2 миллионнан астам отбасы жәрдемақы мен төлем алушылар санатына кіреді. 2022 жылы мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің барлық мөлшері 9%-ға индекстелді, оның ішінде: 1 қаңтарынан бастап 5% - ға, 1 сәуірінен бастап тағы 4% - ға. Биыл осы мақсаттарға жалпы 867,6 млрд теңге бөлінді, өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға жоғары, – деді вице-министр.

Мәселен, 2022 жылдың 11 айында республикалық бюджеттен 53,4 млрд теңге сомада 398,7 мың адам 120 840 теңгеден (38 АЕК) 200 340 теңгеге            (63 АЕК) дейінгі мөлшерде бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы алды.

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін         56,2 мың әйелге бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы ретінде жалпы 16,4 млрд теңге төленді.

Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 796,8 мың теңгені құрады. Бүгінде бұл төлем           229 мың адамға тағайындалып, оларға 175,3 млрд теңге төленді. Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша МӘСҚ-тан берілетін ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 38,1 мың теңгені құрады.

Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде олардың зейнетақы жинақтарының ұлғаюына ықпал ететін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.

Сағындықова балалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады

Сондай-ақ, вице-министр 2020 жылдан бастап төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы енгізілгенін еске салды. Төлемдер мөлшері балалар санына қарай сараланады: 4 бала үшін 50 975 теңге, егер отбасында 8 және одан көп бала болса әр балаға 12 720 (4 АЕК) теңгеге дейін беріледі. Соңғы 11 айда бұл жәрдемақы орта есеппен 498,5 мың отбасыға тағайындалып, 315,6 млрд теңге сома көлемінде қаражат төленді. .

Көп балалы аналардың беделі мен абыройын арттыру үшін «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады. Қазіргі уақытта оның мөлшері 20 352 (6,4 АЕК) теңгені құрайды. Бүгінгі күні 229 мың анаға жәрдемақы тағайындалып, оларға 50,9 млрд теңге берілді.

Бұдан басқа, мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бар бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оған күтім жасау бойынша жәрдемақы төленеді, жәрдемақы мөлшері 52 352 (1,4 күн көріс деңгейі) теңгені құрайды. Жыл басынан бері бұл жәрдемақыны 97,4 мың адам алып, оған 56,7 млрд теңге бағытталды.

Брифинг барысында вице-министр келесі жылға жоспарланған ана мен баланы әлеуметтік қорғау шараларын күшейту туралы баяндап өтті.

2023 жылдан бастап әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгілеу арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға заттай көмектен монетизацияланған көмек түрі беріледі. Бұл кепілдендірілген әлеуметтік топтамасының жаңа тәсілдерінің бірі болмақ. Топтама отбасыға олардың жеке қажеттіліктеріне қарай балаларға тамақ сатып алу үшін ақшалай түрде ұсынылады. Осы жылғы 1 желтоқсанда  1 жастан 6 жасқа дейінгі кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың саны 191,1 мың баланы құрады, – деді Назгүл Сағындықова.

Сондай-ақ, спикер 2023 жылдан бастап балалары бар отбасыларды қолдаудың қосымша шараларының қатарында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем төлеу мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылатынын атап өтті.

Бұл шара жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Бұл құқықты жарты миллионға жуық әйел пайдаланады. Оны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 183,5 млрд теңге қарастырылған, – деп түйіндеді вице-министр.

Әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастыру шеңберінде Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды қолдаудың қосымша шаралары көзделген.

Сондай-ақ, Кодекс жобасы аясында «Марапатталған аналар» атты жаңа тұжырымдамасы енгізілмек. Мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы анаға құрмет ретінде өмір бойы беріледі.

Екіншісі – марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланады. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, яғни 7 және одан да көп бала туып, оларды тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артады. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарға әсер етеді.

Сөз соңында Назгүл Сағындықова алдағы 2023 жылы жәрдемақылардың барлық мөлшері 8,5%-ға артатынын хабарлады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 652,9 млрд теңге көзделген, биылғы жылдың бюджетінен 21,5% - ға артық.

Өзгелердің жаңалығы