"Сәби бесіктен құлаған". Жер сілкінісінен қанша бала зардап шеккені анықталды

23 Қаңтар 2024, 17:46
3540
Бөлісу:
"Сәби бесіктен құлаған". Жер сілкінісінен қанша бала зардап шеккені анықталды
Фото: BAQ.KZ - архив

Кешелі бері алматылықтардың мазасы қашты. Жер сілкінісінен ғимараттарға зақым келмесе де, медициналық көмекке жүгінген балалар қарасы көбейген. Мәселен бір сәби анасының құшағынан, екіншісі бесіктен құлап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы әкімдігі мәліметінше, зілзаладан зардап шеккен 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазір барлығы қажетті медициналық көмектің толық көлемін алып жатыр. 

2024 жыл 23 қаңтар сағат 17:00-дегі жағдай бойынша Алматы қаласының ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 55-сі ересек, 12-ы бала. Сегіз адам ауруханаға жатқызылды (үш ересек және 5 бала), қалған науқастар барлық қажетті тексеруден кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Үш ересек науқас Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Науқастардың бірі отадан кейін жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Екі науқас травматология және ортопедия бөлімшесінде жатыр, жағдайы орташа ауыр, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар табиғи апат кезінде 6 және 7 айлық, 7 және 16 жастағы балалар үйлерінде де құлап, жарақаттанғаны белгілі болды. Бұдан бөлек анасының қолынан түсіп кетіп, бесіктен құлап түсіп жарақаттанған сәбилер бар екен.

Балалар жедел медициналық жәрдем орталығында төрт бала: 6 және 7 айлық, 7 және 16 жастағы балалар медициналық көмек алып жатыр. Олардың барлық жарақаты үйде құлау салдарынан болған. Сәбилерге келетін болсақ, бір сәби анасының құшағынан, екіншісі бесіктен құлаған. Барлық баланың жағдайы орташа тұрақты деп бағаланады. Олар нейрохирургия және травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Хирургиялық ота жасалмады, емі консервативті болды. ЖРВИ диагнозы қойылған 17 жастағы бір бала Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр, - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Алматыда 23 қаңтар түнгі cағат 00:09 шамасында жер сілкінісі болды. Алматыда жер сілкінісі болған түні 19 мыңға жуық көлік қаладан кетіп қалған екен.

Өзгелердің жаңалығы