Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Азия мен Еуропа арасындағы байланысты күшейтуді көздейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүйелі түрде дамытып келеді.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүйелі түрде дамытып келеді, Орта дәліздің инфрақұрылымын нығайтып, Азия мен Еуропа арасындағы мультимодальды логистиканың мүмкіндіктерін кеңейтуде, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның сөзінше, Middle Corridor жаһандық көлік бағыттарын әртараптандыруда маңызды рөл атқара алады.
Біз Middle Corridor жаһандық көлік бағыттарын әртараптандырудың маңызды тетігіне айналып, Еуразияның экономикалық тұрақтылығын нығайтуға, сонымен қатар аса маңызды минералдарды жеткізу тізбектерінің сенімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді министр.
Сондай-ақ Қазақстан индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қолдау мәселесінде америкалық даму қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Ерсайын Нағаспаевтың пікірінше, С5+1 диалогы Орталық Азия мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Осы диалог Орталық Азия мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады деп сенемін. Ал бүгін қол жеткізілетін келісімдер салалық алаңдарда, соның ішінде “Astana Mining & Metallurgy 2026” форумында өз жалғасын табады деп үміттенемін, – деді министр.
Бұған дейін Қазақстан АҚШ-тың аса маңызды металдар тізіміндегі 27 позицияны ұсына алатыны айтылған еді.