Қазақстан АҚШ-тың аса маңызды металдар тізіміндегі 27 позицияны ұсына алады

Орталық Азия мен АҚШ сирек минералдар бойынша жаңа кезеңге өтті.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:14
Бүгiн 2026, 13:14
168
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Қазақстан АҚШ пен Орталық Азия елдерін біріктіретін C5+1 платформасы аясында аса маңызды минералдар мен металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп комитетінің Технологиялық болжау ұлттық орталығының бас директоры Әл-Фараби Ыдырышев Астанада өтіп жатқан аса маңызды минералдар жөніндегі «C5+1» диалогының (Critical Minerals Dialogue, CMD) отырыстың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, еліміз АҚШ-тың аса маңызды металдар тізіміндегі 27 атауды ұсына алады. Бұл жоғары технологиялық өндірістерде қолданылатын стратегиялық маңызы бар ресурстар.

Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара«C5+1» диалогының (Critical Minerals Dialogue, CMD) отырысы – Қазақстан Президенті мен АҚШ Президенті арасында 2025 жылғы қарашада Вашингтонда өткен кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы.

Әл-Фараби Ыдырышевтың айтуынша, C5+1 платформасы Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия елдерін біріктіреді. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – аса маңызды минералдар мен металдар саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау.

Оның сөзінше, тараптар үш негізгі бағытқа басымдық береді.

Біріншісі – геология саласындағы ынтымақтастық, екіншісі – өңдеу өнеркәсібі, үшіншісі – логистика және Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің минералдық шикізат нарықтарына, ең алдымен аса маңызды минералдар нарығына шығу мүмкіндіктері, – деді ол.

Спикердің айтуынша, бүгінгі алаң таза үкіметаралық форматта ұйымдастырылған.

Пікірталас пен талқылауға бизнес өкілдері қатыспайды. Тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері болады. Бизнес қауымдастық кездесулерге кешкі уақытта қосылады деп күтіп отырмыз. АҚШ пен Орталық Азия елдерінің бизнес өкілдері қатысатын шағын форматтағы жеке бизнес-кездесу мен бизнес-форум ұйымдастырылады, – деді Әл-Фараби Ыдырышев.

Оның айтуынша, бұл кездесу өзара пікір алмасып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін әлемдік нарықтарға шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету маңызды. Әсіресе аса маңызды минералдар мен металдар нарығына қол жеткізу мәселесі өзекті, – деді ол.

Әл-Фараби Ыдырышев аса маңызды минералдар мен металдардың тізімі өте кең екенін атап өтті.

Мысалы АҚШ-тың аса маңызды минералдар мен металдар тізімінде шамамен 60 атау бар. Біз Қазақстанның не ұсына алатыны туралы айтып отырмыз. Қазіргі есептеулер бойынша Қазақстан АҚШ-тың аса маңызды металдар тізіміндегі шамамен 27 атауды ұсына алады, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл металдар әлемдік өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларында кеңінен қолданылады.

Біз бериллий, тантал, ниобий, титан, рений, висмут, сүрме, алюминий, мыс, мырыш, тіпті қорғасын туралы айтып отырмыз, – деді орталық басшысы.

Спикердің пікірінше, бұл Қазақстан үшін әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі.

Бұл біздің еліміз үшін әлемдік нарықтарға шығуға үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар бізбен бірге осы тізімді толықтырып отырған және аса маңызды минералдар нарығында елеулі ойыншы саналатын Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеуге жол ашады, – деді ол.

Сондай-ақ Әл-Фараби Ыдырышев Қазақстанның тек шикізат жеткізуші ел ретінде шектелмейтінін айтты.

Қазақстан тек концентраттармен ғана шектеліп қалмайды. Біз қазірдің өзінде дайын металдар шығаратын деңгейге жеттік, сондай-ақ құрамдас бөлшектер мен бұйымдар өндіреміз, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл өнімдер жоғары технологиялық өндірістерде қолданылады.

Бұл – біздің мақтанышымыз. Өйткені біз авиация және ғарыш инженериясында қолданылатын құрамдас бөлшектер мен бұйымдарды шығара аламыз, – деді Өнеркәсіп комитетінің Технологиялық болжау ұлттық орталығының бас директоры Әл-Фараби Ыдырышев.

Наверх