Рождество мейрамы кезінде карантин шаралары қатаң сақталады

6 Қаңтар 2021, 13:16
2473
Бөлісу:
Рождество мейрамы кезінде карантин шаралары қатаң сақталады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке тілдесу кезінде айтты.

Оның айтуынша, Алматыда Рождество мейрамы негізінен 28 панфилофшылар паркіндегі Вознесенск кафедралды шіркеуінде атап өтіледі. Ал құлшылық ету шарасы бүгін түнгі сағат 23:00-де басталып, 1,5 сағатқа созылмақ.

Карантинге байланысты адамдарды көптеп кіргізбейміз. Шіркеудің толуы 30 пайыз ғана болады. Келушілерді лек-легімен ғана кіргізіп отырамыз. Ол жерде әкімдіктің, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері мониторинг жасайды. Ертең де құлшылық ету шарасы жалғасады. Дегенмен негізгісі бүгін түнде болады. Жалпы бұл шараны шіркеулердің фейсбуктегі парақшасынан тікелей эфирде көруге болады, - дейді ол. 

Алматы қаласы бойынша 19 шіркеу бар екен. Бірақ негізгі құлшылық ету орны ретінде Вознесенск кафедралды шіркеуі таңдалған. Басқа шіркеулерде де құлшылық ету өтеді және ол жерде әкімдік пен полиция қызметкерлері карантин шараларының сақталуын қадағалайды. 

Шіркеудің ішіне адамдар маскамен келеді, онда антисептик қойылған, адамдар арасындағы қашықтық белгісі көрсетілген. Рождество мейрамы кезінде Алматы шіркеулеріне шамамен 20 мыңдай адам келетін, осы жолы ондай көп адам бола қоймас, келсе де лек-легімен кіргіземіз, - дейді Ерғали Көшеке.


Өзгелердің жаңалығы