Роботтар, VR және кванттық технология: Тоқаев болашақтың басты трендтерін атады

Президенттің айтуынша, алдағы 20 жылда робототехника, виртуалды шынайылық және кванттық технологиялар қарқынды дамиды.

 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 15:38
Бүгiн 2026, 15:38
219
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында технологиялық прогрестің толқындары – толық цифрландырудан бастап жасанды интеллектіні дамыту туралы сөз қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, әрбір жаңа технологиялық кезең келесі серпіліске негіз қалайды және болашақты көре алатын елдерге үлкен мүмкіндік ашады.

Сарапшылардың бағалауынша, алдағы 20 жылда бірқатар маңызды технологиялық бағыт ерекше қарқын алады. Олардың қатарында биотехнологиялар, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау технологиялары және кванттық есептеулер бар. Мәселен, ұзақ мерзімді болжамдарға сәйкес, 2035 жылға қарай әлемдік робототехника нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Ал виртуалды шынайылық индустриясында шамамен 700 миллиард доллар айналым болады деп күтілуде, - деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ ол біздің елдер мұндай жаһандық үрдістерден шет қалмауы керектігін ескертті.

Еуразиялық экономикалық комиссия тәжірибе алмасуға және ең перспективалы бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі қажет деп есептеймін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында ауқымды цифрлық трансформация тұжырымдамасын іске қосқанын мәлімдеді. Сөзінше, елде жүздеген smart-ферма пайда болды.

Наверх