Ауыл шаруашылығы цифрланады: Елде жүздеген smart-ферма пайда болды

Тоқаев ауыл шаруашылығын толық цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатынын айтты.

 Ақорда Бүгiн 2026, 15:28
Бүгiн 2026, 15:28
344
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында ауқымды цифрлық трансформация тұжырымдамасын іске қосқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мал шаруашылығы саласында қағаз құжат айналымын жоятын және есеп жүргізудің нақтылығын арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Бүгінде еліміз бойынша автоматтандырылған азықтандыру, суару және микроклиматты бақылау жүйелерімен жабдықталған 650-ден астам ақылды ферма жұмысын бастады. Өсімдік шаруашылығында, оның ішінде тұқым шаруашылығында «егістіктен дастарханға дейін» қағидаты бойынша өнімді қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл егжей-тегжейлі жоспарлау мен болжауға кең мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында.

Сондай-ақ Президент Қазақстан қатарынан екінші жыл рекордтық көлемде астық жинағанын алға тартты. Биылғы көрсеткіш 27 миллион тонна деңгейіне жеткен.

Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Агродрондарды, спутниктік навигацияны және метеостанция деректерін пайдалану аясы белсенді түрде кеңейіп келеді. Жерді пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілуде. Аграрлық секторға көрсетілетін мемлекеттік қолдау толықтай электронды форматқа ауыстырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтуынша, ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен енгізу маңызды.

Біздің күш-жігеріміз Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық азық-түлік нарығындағы позициясын нығайта алатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға бағытталуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт аясында агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау туралы шешім қабылдануы – осы бағыттағы маңызды қадам, - дейді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай технологиялық бастамаларды ауқымды деңгейде қаржыландыру үшін Еуразиялық даму банкінің әлеуетін толық пайдалануды ұсынды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан IT-қызмет экспортын 1 миллиард долларға жеткізгенін айтты

Наверх