Риддердегі жаңа жобалар жергілікті халықты жұмыспен қамтуда

28 Тамыз 2020, 13:05
1408
Бөлісу:
Риддердегі жаңа жобалар жергілікті халықты жұмыспен қамтуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Риддер қаласында жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 34 жоба жүзеге асырылуда.  

Жаңа жобалардың 10-ы білім беру, 8-і мәдениет және спорт, 12-сі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және жол нысандарына қатысты болса, қалған төрт жоба облыстық деңгейдегі жобалар. Қалада Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 390 жұмыс орны ашылған. Тек жұмыспен қамту орталығы арқылы ғана 202 адам екі қолға бір күрек ұстаса, олардың 30-ы тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жалпы, аталмыш бағдарлама қабылданғанға дейін қаланың жұмыспен қамту орталығында 315 бос орын тіркелген болатын. Олардың 199-ы ауыл және орман шаруашылығына, көлік пен қоймалауға, толайым және жеке саудаға, құрылысқа, білімге, денсаулық сақтауға қатысты болса, қалған 116-сы басқа салаларға қажетті мамандықтар.

Биылғы жылдың тамыз айында, яғни Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша қолға алынған жобалар аяқталған уақытта қала бойынша тіркелген 360 бос орындағы дефицит әлі де сақталуда. Осы ретте облыста жұмыс күші басым өңірлерден жұмыс күшін тарту үрдісі қарқынды жүргізілуде.

Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты аясында жұмыс күші басым өңірлерден құрамында 136 мүшесі бар 56 отбасы көшіріліп әкелінген болатын. Биыл бұл көрсеткіш 12 отбасына есептелгенімен, жоспар бірнеше есеге артық орындалды. Атап айтсақ, жыл басынан бері қалаға құрамында 54 адамы бар 24 отбасы көшіріліп әкелінді. Құзырлы мекемелердің хабарлауынша, COVID-19 пандемиясына қатысты шектеулер аяқталған соң бұл жұмыстар жалғасын табатын көрінеді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мақсатында «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар беру жалғасуда. Осы мақсатта қайтарымсыз 555 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грант биыл 20 қала тұрғынына табысталған. Ал жыл соңына дейін жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асырамын деген 15 тұрғын осындай мөлшердегі грантқа ие болуы әбден ықтимал.

Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан риддерлік жұмыс берушілер жұмыс орындарының қысқаруына жол берген жоқ. Жалпы, жыл басынан бері қала бойынша 775 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 365-і тұрақты жұмыс орындары болды. Атап айтсақ, жергілікті тұрғындар ауыл және орман шаруашылығы, көлік және қоймалау, толайым және жеке сауда-саттық, автокөліктер мен мотоциклдерді жөндеу, құрылыс сияқты бағыттарда тұрақты жұмыспен қамтылды.  

Сондай-ақ, шектеу шаралары енгізілген кезеңде 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініштер қабылданып, оны тағайындауға қатысты шешімдер қабылданды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, бүгінгі таңда қала бойынша 8 713 рет аталмыш мөлшердегі төлемақы жасалды. Қазіргі уақытта Риддердегі шағын және орта бизнес нысандары бірнеше айға созылған кідірістен соң жұмыстарын қайта жандандыра бастады.

Өзгелердің жаңалығы