Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің тағдыры белгілі болды

27 Шілде 2023, 16:19
2850
Бөлісу:
Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің тағдыры белгілі болды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Оқу-ағарту министрі Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының апатты жағдайына қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәліметінше, қазір Риддер қаласында 16 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде орыс тілінде оқытатын - 12 мектеп, қазақ тілінде оқытатын - 1 мектеп және аралас тілде - 3 мектеп бар.

Қаладағы жалпы 7251 оқушының 16%-ы қазақ тілінде (1155 оқушы) білім алса, 84%-ы орыс тілінде (6096 оқушы) оқиды. Орын тапшылығы жоқ.

Қазіргі кезде жобалық қуаты 660 орындық қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының екі ғимаратында 549 бала білім алып жатыр. Оның 5-11 сынып оқушылары (298 бала) – 1958 жылы салынған ғимаратта, ал бастауыш сынып оқушылары (251 бала) – 1937 жылы салынған ғимаратта оқуға мәжбүр. Техникалық қорытынды бойынша 1958 жылғы ғимараттың шағын спорт залы апатты деп танылып, биыл бұзу жұмыстары жүргізілді. Мектептің негізгі ғимараты қалыпты жағдайда. 2023 жылы 3 интерактивті панельді сатып алу және қолданыстағы спорт залына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 60 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен мектептің материалдық-техникалық базасы 250,0 млн теңгеге жаңарту жоспарланған, - дейді министр.

Оның мәліметенше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес Риддерде 2024 жылы 1200 оқушы орындық (екі ауысымда) 1 мектеп пайдалануға беріледі.

Министрлік мектептердің оқыту тілін айқындау жергілікті атқарушы органның құзыретінде екенін ескере отырып, Ұлттық жоба аясында салынатын 600 орындық мектепті мемлекеттік тілде оқытуды қолдау үшін ұсыныспен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне хат жолдады, - деп сендірді Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары қаладағы 4 аралас мектепте оқып жүрген қазақ оқушылары үшін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектеп беруді талап еткен еді.

Өзгелердің жаңалығы