Риддерде ЖЭО тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды

24 Қазан 2022, 16:55
825
Бөлісу:
Риддерде ЖЭО тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында мазут сапасының нашар болуынан ЖЭО тоқтап, қала жылусыз қалды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Риддер қаласында қолайсыз жағдай орын алды. Риддер ЖЭО басшылығы мазуттың сапасын бақыламай, ол сумен араласып, нәтижесінде жылу станциясының қазандықтары уақытша тоқтады. Шұғыл түрде менің басшылығыммен жедел штаб құрылды, - деді облыс басшысы.

Қала әкімі жылу станциясының жұмысын қалпына келтіру үшін атқарылып жатқан шараларды атап өтті: 

  • "Қазмырыш" ЖШС-нің Риддер қаласындағы қоймаларынан жылу станциясының жұмысын қалпына келтіру үшін ЖЭО-ға бірден 60 тонна мазут жіберілді;
  • Өскемен ЖЭО қосымша арнайы машиналармен қалаға 70 тонна мазут жібереді. 4 сағаттан кейін отын жылу көзінде болады;
  • 25 қазан түнгі сағат бірде қалаға тағы қосымша 6 цистерна мазут келеді. Бұл отын көлемі жылу станциясының 100 күндік үздіксіз жұмысына жеткілікті.

ШҚО прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылығының немқұрайлылық фактісі бойынша жедел тергеу бастады. 

Орынбасарым Ержан Нұрбаев Риддер қаласында. Қала тұрғындарынан уайымдамауды және тыныштықты сақтауды сұраймын, жағдай менің жеке бақылауымда. Жақын арада ЖЭО қазандықтарын іске қосу алгоритмі әзірленіп, қала тұрғындарына ұсынылады, - деді ШҚО әкімі.

Даниал Ахметов қазірге Риддердегі ЖЭО-ға Өскемен ЖЭО-сынан 20 тонна мазут тиелген алғашқы көлік шығып үлгергенін, бір сағат ішінде жол полициясының сүйемелдеуімен тағы 50 тонна жөнелтілетінін айта кетті. Сондай-ақ "ҚазМырыш"ЖШС отын жеткізеді. 

Жылу станциясының екінші қазандығы жанып жатыр, бірінші және үшінші іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сағат 22.00-ге дейін Риддер ЖЭО температуралық режимге сәйкес тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету керек. Қала тұрғындарының уайымдауы мен мазасыздануына еш себеп жоқ. Станцияны қамтамасыз ететін қор оған жүз күн бойы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, - деді Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы