Режиссер: Кино - бұл үлкен бизнес

13 Желтоқсан 2023, 14:05
482
Бөлісу:
Режиссер: Кино - бұл үлкен бизнес
Фото: автордан

Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі басталды. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі жас режиссер Дәулетжан Махмұтпен кино нарығы жайлы әңгімелескен еді. 

Елімізде комедиялық фильмдердің саны артты. Неліктен басқа жанрдағы туындылар жарыққа шықпай кетті?

- Меніңше, халық комедиялық фильмдерді көріп шаршады. Көрермендер өз талғамын қалыптастыру қажет. Елде фантастикалық, әлеуметтік, хор-хор жанрындағы фильмдер түсірілмей кетті. Себебі көрермендер тарапынан сұраныс аз болды. Түсірілген жағдайда да келіп көретіндер бірен-саран. Бүгінде коммерциялық қазақ фильмінің бет-бейнесі – комедия. Онда да өте үстірт, дөрекі комедия. Кейде біздің комедияларымызда қызықты тақырыптар еленіп, ескерілмейді. Яғни, авторлар кино мазмұнын қалай толық ашуға болатынын білмейді. Олар Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылған таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі ғана десем, артық айтпағаным. 

– Отандық фильмдердің ішінде мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдерді халық біле бермейді. Бұл жайлы не айтасыз?

– Мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдер халықтың көңілінен шықпағанына түрлі себептер бар. Елімізде деңгейі жоғары режиссерлер коммерциялық фильмдер емес, авторлық фильмдер түсіреді. Бұндай фильмнің көпшілігі халыққа ұнай бермейді. Себебі мұнда қоғамдағы мәселені әлеуметте қозғап, адамдарға ой салу көзделеді. Кино тілінде жүреді, ұзақ план қолданады. Ал халықтың басым көпшілігі бұны түсіне бермейді. Кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыспен коммерциялық бағытта халыққа ыңғайланған фильмдер түсірліп жатыр. Дегенмен жарнамасы әлсіз болғандықтан, халық етене таныс бола алмай жатқан күйі бар. 

– Өзіңізде осы уақытқа дейін 3 қысқа метражды, 2 толық метражды фильм түсірдіңіз. Кино саласы жайлы айта кетсеңіз.
– Кино деген үлкен бизнес десем, артық айтқандық емес. Түсіруге көп қаржыны қажет етеді. Салған ақшаны қайтарып, ақша табуға болады. Дегенмен фильмді прокатқа шығару қиындық тудырады. Бұған қомақты қаржы мен мықты продюсер қажет. Кейбір түсірілген фильмдер прокатқа шықпай, қаржы жинамай қалады. Сол себептен үлкен тәуекелге барасың. Мен фильмдерімнің барлығын өз қаражатыма түсірдім. Үш қысқа метражды, екі толық метражды және тағы бір деректі кино. Мұнда жұмыс істеген дыбыс қоюшы, сценарист, продюсер – барлығын өзім тауып, өзім қаржыландырдым. "Бастау" кинофестивалінің арқасында толық метражды фильмнің дебюті болады. Бұрын студенттердің туындылары жарыққа шығатын фестивальде біз секілді жастарға қолдау білдірілгеніне қуаныштымын. 

– Мемлекеттік қаржыға фильм түсірмедіңіз. Болашақта ойыңыз бар ма? 

– Меніңше, әрбір адам мемлекеттің қаржысына жұмыс бастау үшін үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Себебі алған қаржыға сай жұмыс істеп, фильм халыққа өтімді болу керек. Өзім киносценарист мамандығын бітіргендіктен, осы уақытқа дейін 6 фильм түсіріп, өз шеберлігімді шыңдадым. Өзімді режиссерлік, продюсерлік қырынан сынадым. Енді мемлекет қаржысына фильм түсіруге дайын екеніме көзім жетті.

Өзгелердің жаңалығы