Республика күніне орай өткен «Байқоңыр барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

24 Қазан 2022, 18:02
1293
Бөлісу:
Республика күніне орай өткен «Байқоңыр барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Астанада Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен биыл үшінші рет қазақ күресінен «Байқоңыр барысы» ашық турнирі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Турнир биыл ұлттық мереке қатарына енген Республика күні қарсаңында ұйымдастырылды. Басты мақсаты – қазақ күресін дәріптеу,  Қазақстан халқының патриоттық сезімін ояту, ұлттық спорт түрін жасөспірім ұрпақтың санасына сіңіру. Биылғы жылдың басты ерекшелігі - бас бәйге «Байқоңыр барысынан» бөлек, 60 және 82 келі салмақтағы балуандар да бозкілемде белдесті.

Елордадағы «Өндіріс» дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өткен сайыста 75 балуан бақ сынады. 

Мемлекет басшысы мен елорда әкімдігінің қолдауымен қала және аудан тұрғындары арасында спорт саласы, оның ішінде ұлттық спорт түрлері қарыштап дамып келеді. Мұның тамаша дәлелі – «Байқоңыр барысы». Турнирге қатысушылар мен тамашалайтын көрермендер саны жыл сайын артып келеді. «Байқоңыр барысының» мақсаты – жастар арасында ұлттық спортты насихаттау, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін ояту, одан әрі дамыту, салауатты өмір салтын дәріптеу, - деді Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев

Жыл сайынғы дәстүрлі турнирдің басты жүлдесі – «Байқоңыр барысы» атағы үшін елордалық 21 балуан белдесті. Нәтижесінде түйе палуан, «Байқоңыр барысы» жүлдесін Алмас Шынкеев жеңіп алды. Екінші орын Нұрдәулет Айсағалиевке бұйырса, үшінші орынға Мейіржан Сламшаиков ие болды.

Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Палуандардың барлығы епті, кәсіби дайындықпен келген. «Байқоңыр барысының» Республика күні, өзіміздің ұлттық мереке қарсаңында өтіп жатқаны барлығымызды қуантып отыр. Барлық спортшыларға, ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Әсіресе, бүгінгі жарыста жастар көп. Осындай сайыстардың арқасында өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығы арта түседі деп ойлаймын», - деді турнирдің үшінші орын иегері Сағындық Әшім.

Турнир қорытындысы бойынша, 60 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Нұрбол Елубай қанжығасына байлады. Ал 2-орынды Ержан Еренкаипов жеңіп алса, Сағындық Әшім тұғырда 3-орыннан көрінді. Сонымен қатар, 82 келі салмақ дәрежесі бойынша 1-орын Мәди Амангелдіге бұйырса, 2-орынды Диас Талғатұлы иленсе, Тимур Әбутай 3-орынға тұрақтады.

Республика күніне орай өткен жарысқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткерлері, атақты палуандар мен еліміздің белді тұлғалары да қатысты.

Өзгелердің жаңалығы