Республика күні. 25 шақырымда «Талхиз» талассыз жеңімпаз

15 Қазан 2022, 20:59
3698
Бөлісу:
Республика күні. 25 шақырымда «Талхиз» талассыз жеңімпаз

Республика күні мерекесіне орай Байсерке-Агро ипподромында Ұлттық ат спорты бәйге жарысы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің 11 өңірінен келіп бәйгенің 4 түрінен ел чемпионатын сарапқа салған саңылақтардың қатарында небір желқанат жүйріктер бар. 

Құнан мен топ бәйгенің жеңімпаздары жайлы бұған дейін жазған болатынбыз. Ал қазір 25 шақырымда бақ сынаған жүйріктерге көңіл бөлейік.

Ала жаздай елдің түкпір-түкпірінде сұрыпталып, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтаған өңшең сылаңкерлер, бүгін Алатаудың бөктерін дүбірге толтырды.

Сөреден серппедей атылған 7 жүйріктің арасында Алматы облысының Талхизі, Түркістанның «Ботакөзі», Жамбылдың «Үміткері», Астананың «Ханзадасы» мен Алматының әйгілі «Телқоңыры» бар болатын.

Ат пен бап сынға түскен дүбірлі аламанда бағы жанған сәйгүлік мәре сызығын алғашқы болып кесті.

Сонымен, 25 шақырымдық аламанда бағы жанған 5 сәйгүлікті таныстырайық.

5-орын: Астана қаласынан келген «Ханзада» атты сәйгүлік. Шабандозы - Дидар Серкен, жүлдесі – 450 000 теңге.

4-орын: Жамбыл облысының «Үміткеріне» бұйырды. Шабандозы – Ақын Азамат, жүлдесі – 750 000 теңге.

3-орын: Түркістан облысының Ботагөзінің қанжығасына байланды. Шабандозы – Арнұр Саматұлы, жүлдесі – 1 200 000 теңге.

2-орын: Алматы қаласының «Телқоңыр» атты тарланына бұйырды. Шабандозы – Амангелді Хамза, жүлдесі – 2 200 000 теңге.

1-орын: Алматы облысының даңқты жүйрігі Талхизге бұйырды. Шабандозы – Бекзат Ділдахан, жүлдесі – 6 000 000 теңге.

Өзгелердің жаңалығы