Қарияны өлтіріп, артынша Ресейге қашып кетпек болған азамат ұсталды

2 Қыркүйек 2019, 16:08
2190
Бөлісу:
Қарияны өлтіріп, артынша Ресейге қашып кетпек болған азамат ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Қасқат елді мекенінің маңынан іздеуде жүрген қылмыскер қолға түсірілді. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қостанай шекара отрядының «Ұзынкөл» заставасының шекарашылары Меңдіқара аудандық полция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, 1936 жылғы қарияны өлтіріп, артынша ізін жасыру үшін Ресейге өтіп кетпек болған қазақстандықты ұстады. Полиция бөлімінен 1991 жылғы азаматтың кісі өлтіру бойынша күдікті ретінде іздеуде жүргендігі туралы бағдарды шекарашылар алдын ала алған болатын. Қандықол қылмыскер кеше түс ауа Қасқат ауылының сыртында, қалың өскен бұталар арасынан ұсталып, Меңдіқара аудандық полиция бөліміне тапсырылды», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Сонымен қатар, өскемендік шекарашылар шекара отрядының жауапкершілік аумағындағы «Сугатовка» елді мекенінің маңынан көлемі 0,7 гектар алаңға өскен 6000 түп (шамамен 1200 кг), «Октябрский» елді мекенінің маңынан 0,28 гектар (4000 түп, 800 кг.) «Белый Камень» елді мекенінің маңынан 0,25 гектар (4520 түп, 820 кг) жабайы қарасора алқабын тауып, жергілікті әкімдіктер мен полиция қызметкерлерімен бірігіп, өртеп жіберді. 

Ақтөбенің «Жайсаң-авто» шекаралық бақылау бөлімшесінде «Ақтөбе – Орынбор» бағытындағы жолаушылар автобусымен Ресейге кетіп бара жатқан 40 жастағы қазақстандықтың қалтасынан қызметтік иттің меңзеуімен «марихуана» есірткісінің түйіншегін тауып, Мәртөк аудандық полиция бөліміне тапсырды. 

Ал Павлодар шекара отрядының «Қосақ-авто» бөлімшесінде «Павлодар-Купино» бағытындағы жолаушылар автобусынан Ресейге бет алған 19 жастағы Қазақстан азаматының жүгінің арасынан 10 грамға жуық «марихуана» есірткісін тауып, полиция бөліміне тапсырды. 

«Ташкент – Волгоград» пойызынан Ресейге қарай заңсыз, салмағы 212 кг халық тұтынатын тауарлар әкетіп бара жатқан 1981 жылғы әйел мен 47 кг насыбай әкетіп бара жатқан 1995 жылғы азамат ұсталды. № 323 пойыздан ұсталғандардың екеуі де Өзбекстан азаматтары», - делінген таратылған хабарламада. 

Сондай-ақ, «Әлімбет-авто» шекаралық бақылау бөлімшесінде (Ақтөбе шекара отряды) Ресейге қарай 65 000 теңгенің бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз әкетіп бара жатқан 1963 жылғы қазақстандықты ұстады. 

Петропавл шекара отрядының «Қаракоға-авто» бөлімшесінде 40 жастағы ресейліктің «ГАЗель» автокөлігімен Қазақстаннан Ресейге қарай алып бара жатқан кондитерлік өнімдері мен ит пен мысыққа арналған азықтарының арасынан 20 қорап (8000 пачка) акциздік маркалары жоқ темекі өнімдерін тауып алды. 

Өзгелердің жаңалығы