Ресейде қорғанысқа зиян келтірген жемқорларға өлім жазасын енгізу ұсынылды

Мемлекеттік думаға жаңа заң жобасы енгізілді. Бастама қандай жемқорларға қатысты және оны авторлар немен негіздеп отыр?

Бүгiн 2026, 19:14
АВТОР
 Олег Елков/ТАСС Бүгiн 2026, 19:14
Бүгiн 2026, 19:14
101
Фото: Олег Елков/ТАСС

Ресей Мемлекеттік думасына елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтірген жемқорларға өлім жазасын енгізуді көздейтін заң жобасы ұсынылды.

RTVI мәліметінше, заң жобасын «Әділетті Ресей» (Справедливая Россия) партиясының депутаттары әзірлеген. Бұл туралы партия жетекшісі Сергей Миронов Екатеринбургте өткен іс-шара барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қызметтік өкілеттігін жеке пайдасы үшін пайдаланып, елдің қорғаныс қабілетіне тікелей зиян келтіретін лауазымды тұлғалардың әрекеттері тыңшылық пен мемлекеттік опасыздыққа теңестірілуі тиіс.

Қорғаныс нысандарының құрылысы, қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісі немесе әскерді жабдықтау кезінде бюджет қаржысын жымқыру – жай ғана ұрлық емес, Отанға жасалған сатқындық, – деді Миронов.

Заң жобасына сәйкес, Ресей Қылмыстық кодексіне «елдің қорғаныс қабілеті мен азаматтардың қауіпсіздігіне зиян келтірген сыбайлас жемқорлық қызметі» деген жаңа қылмыс құрамын енгізу ұсынылып отыр. Мұндай құқықтық тәжірибенің Қытайда, Вьетнамда және Таиландта қолданылатыны да түсіндірме жазбада көрсетілген.

Сонымен қатар құжат авторлары Қытайдағы өлім жазасының жария түрде орындалуы ауыр қылмыстардың алдын алуда маңызды тежеуші фактор екенін алға тартқан.

Айта кетейік, Ресейде өлім жазасы заң жүзінде сақталғанымен, 1997 жылдан бері оған мерзімсіз мораторий жарияланған. Сондықтан бұл жаза іс жүзінде қолданылмайды.

Соңғы рет Ресейде өлім жазасы 1996 жылы сериялық кісі өлтіруші Сергей Головкинге (Фишер лақап атымен белгілі) қатысты орындалған.

Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресейде өлім жазасын қайта енгізу туралы ұсыныстар бірнеше рет көтерілді. Бұған дейін мұндай бастаманы ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев пен Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин де қолдаған болатын.

Наверх