Ресей импортының тоқтап қалуы ұнның қымбаттауына алып келді – АШМ

11 Сәуір 2022, 13:39
1500
Бөлісу:
Ресей импортының тоқтап қалуы ұнның қымбаттауына алып келді – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында  Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров  хабарлады.

Айта кетерлігі, біз жыл сайын 3 млн тонна ұн өндіреміз. Бірақ бұл көлемнің жартысы экспортқа жөнелтіледі. Осылайша, өндірілген ұнның барлығы ішкі нарыққа ғана жұмсалмайтынын түсіну керек. Ал тіпті, экспортқа ғана жұмыс істейтін диірмендер бар. Көтеріліп отырған мәселенің себептері туралы айтсақ, мәселе астықтың жеткіліктілігінде емес, оның бағасына қатысты туындаған. Бұрын диірмендер Ресейден барынша төмен бағамен астықты белсенді түрде импорттады. Ал біздің астығымыз негізінен экспортқа жіберілді. Бұл теңгерім Ресейдің астық дақылдарын шығаруға тыйым салғанға дейін сақталды. Осы шешімнің салдарынан диірмендер шұғыл түрде сәйкесінше астық бағасы өскен ішкі нарықтан сатып алуға көшуге мәжбүр болды, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Осы орайда ол қолда бар қордың жартысы бағаны көтергісі келетін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерде сақтаулы екендігін алға тартты. 

Қолда бар 6,4 млн тоннаның 3,4 млн тоннасы өнімдерінің бағасын өсіргісі келетін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерде сақтаулы тұр. Бірақ фермерлерге егістік жұмыстарын жүргізіп, несие төлеуге қаражат қажет екендігін де түсіну керек. Осыған байланысты астық бағасы әділ болған кезде фермерлер де қолда бар қорларын сататын болады, - деді вице-министр. 

Сондай-ақ АШМ өкілі елде ұн тапшылығы орын алмауы үшін қандай шаралар қабылданғанына тоқталды. 

Ішкі нарықта тапшылықтың орын алуын болдырмау мен диірмендерге жүктемені азайту мақсатында сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында астық пен ұн экспортына квота енгізу туралы шешім қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна, - деп түсіндірді Айдарбек Сапаров. 

Өзгелердің жаңалығы