Референдумға журналистерді аккредиттеу қалай жүргізіледі?

6 Мамыр 2022, 12:03
2650
Бөлісу:
Референдумға журналистерді аккредиттеу қалай жүргізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық референдум комиссиясы алғашқы отырыста 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізуді ақпараттандыру және жария ету жөніндегі БАҚ аккредиттеу мәселелерін қарады.

Бұл мәселені Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова түсіндіріп өтті.

 «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 5-тармағына сәйкес БАҚ референдумға әзірлік пен оны өткізу барысын жария етіп отырғанын, олардың референдум комиссиялары жанында тіркелген өкілдерінің референдум өткізуге байланысты іс-шараларға қатысуына кепілдік беріледі, - деді ол.

Осыған байланысты Орталық референдум комиссиясы мүшелері «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу туралы» қаулы жобасын қарады.

 Қаулыда Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы бұйрығымен бекітілген «Журналисттерді аккредиттеу қағидалары» негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу алгоритмі көзделген. Көрсетілген қағидаларға сәйкес тиісті референдум комиссияларына бұқаралық ақпарат құралдары журналисі референдум іс-шараларына уақытша аккредиттеу туралы өтініш беруге тиіс, - деп түсіндірді Анастасия Щегорцова.

Ол аккредиттеу қалай жүргізілетінін түсіндірді:

  1. журналистің тегі, аты, әкесінің аты, оның байланыс деректері;
  2. іс-шараның атауы және өткізу мерзімі;
  3. БАҚ туралы мәліметтер: БАҚ атауы, жеке тұлғалар үшін заңды мекенжайы және заңды тұлғалар үшін орналасқан жері, бақ байланыс деректері көрсетілуі тиіс.

Өтінішке аккредиттелетін журналистің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Одан бөлек, мәлімдемеде тиісті БАҚ иесі немесе бас редакторы өтініште көрсетілген журналист БАҚ қызметкері екенін және оған қол қойғанын растайды, - дейді Орталық референдум комиссиясының мүшесі.

Референдум комиссиялары қандай жағдайда журналисті аккредиттеуден бас тартады:

1) тиісті құжаттарды ұсынбау;

2) бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;

3) уәкілетті орган жүргізіп отыратын есепке қойылған мерзімді баспасөз басылымдарының, интернет-ресурстардың, ақпараттық агенттіктердің тізілімінде (реестрінде) болмауы. 

Бұл алгоритм бұқаралық ақпарат құралдарының қолданыстағы тәжірибесіне толық сәйкес келеді.

Жобаны қарау қорытындысы бойынша қаулы ОРК мүшелері оны бірауыздан қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы